news-img

Отбасы күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. 17 финалист-отбасы арасынан Атырау облысынан келген Тілекқабыловтар «жеңімпаз» атанды. Жеңімпаз әулет sms арқылы дауыс беру нәтижесінде анықталды.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев білім саласының құрметті қызметкерінің отбасына естелік мүсінше және шағын автобустың кілтін табыстады. Тұңғыш Президент Қоры барлық финалистке тұрмыстық техника сатып алуға сертификат табыстады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы бекітілген еді. Конкурстың мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қарт ата-аналарға қамқорлық жасау. 

Конкурстың «жеңімпаздары» отбасылық құндылықтарды сақтай білетін, отан мен еңбекке деген сүйіспеншілігі негізгі өмірлік ұстанымдары болып келетін отбасылар арасынан таңдалады. 

Финалист отбасының бірі Серік пен Нұрсұлу Төлеубавтардың отасқанына 34 жыл. Павлодар облысының атынан қатысқан олар «бастысы – басқаға үлгі болу» дегенді алға тартады.

«Біздің үнемі айтатынымыз – отбасыдағы сыйластық, сенімділік қашанда. Міне, 34 жыл бойы біз бір-бірімізді тәрбиелеп келеміз. Отбасыда ерлі-зайыптылар бір-бірін тәрбиелейді. Осы ерлі-зайыптылардың тәрбиесіне қарап, өмірлік ұстанымына қарап, жүрісіне қарап, тіпті, киген киіміне қарап, сөйлеген сөзіне қарап өзгелер үлгі алады ғой! «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету» деген принциппен жүреміз», - дейді Нұрсұлу Төлеубаева.

Алты жылда конкурсқа 15 197 отбасы қатысты. Қатысушы-отбасылардың 62% - ауылдық жерлерден, 36% - көпбалалы отбасылар, 18% -  жас отбасылар, 17% - еңбек әулеттерінің өкілдері. Қатысушылардың саны жыл сайын өсіп келеді. 2014 жылы конкурсқа 1 298 отбасы қатысса, биылғы жылы олардың саны 2,5 артқан.

Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Түсініктеме қалдыру