news-img

Оқыту тренингтері, шеберлік сабақтары, түрлі саладағы жетекші мамандармен мотивациялық кездесулер – осының бәрі және тағы басқа көптеген игі бастамалар EL UMITI CAMP 2026 жазғы лагерінің басты ерекшелігіне айналды.

Биыл ҚФ El Umiti ұйымдастырған лагерь өз жұмысын Ақмола облысының Ақкөл ауданында жүргізді.

Бұл – лагерьдің бесінші маусымы. Биыл оған 200 оқушы қатысты. Олардың қатарында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының қатысушылары мен жеңімпаздары, «El Umiti Talent» пәндік олимпиадасының жүлдегерлері, сондай-ақ «Qabilet», «El Umiti Premiasy» және «Aitys» жобаларының белсенді қатысушылары бар.

Бес жыл ішінде лагерь жұмысына 800 бала қатысып, 100-ден астам спикер өз тәжірибесімен бөлісті. Осы уақыт аралығында 100-ден астам білім беру және мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Он күн бойы Ақкөл ауданының көркем табиғат аясында оқушылар пайдалы дағдыларды меңгеріп, жаңа білім алып, тәжірибелік машықтарын жетілдірді. Биылғы лагерьдің негізгі тақырыбы – жасанды интеллект болды.

Қатысушылар заманауи AI-құралдарын пайдалану, дизайн жасау және оларды тәжірибеде қолдану жолдарын үйренді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері – «Асық ату» мен «Бес асық» бойынша турнирлерге қатысты.

Оқушылар арасында ерекше қызығушылық тудырған бағдарламалардың бірі – Тұңғыш Президент музейінің жобасы болды. Оның аясында жас қатысушылар тарих зерттеушілеріне айналып, зияткерлік және командалық сынақтардан өтті, архивтік материалдар негізінде тарихи оқиғаларды қайта жаңғыртты және символдық «Қазақстан тарихы кітабының» өз беттерін жасады.

Лагерьдің ең жарқын оқиғаларының бірі – El Umiti Premiasy сыйлығының қорытындылау рәсімі болды. Бұл шарада дарынды оқушыларға арнайы гранттар табысталды.

Әрбір қатысушы үшін EL UMITI CAMP – ұмытылмас демалыс, жарқын әсерлер, жаңа мүмкіндіктер мен жеке дамудың, достық пен шабыттың ордасы болып қала береді.

Бөлісу