news-img

Биыл А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнаулы мектеп-интернаттың оқушылары Францияның Монтаржи қаласында өткен аккордеонистердің 75-ші дүниежүзілік CMA Trophée Mondial  чемпионатына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жол жүру грантының арқасында балалар сапарға шыға алды. Бұл қолдау оқушыларға аккордеоншыларға арналған ең айтулы халықаралық байқауда бағын сынап көруге жол ашты. 

Чемпионат жоғары талабымен және кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Жарысқа төрткүл дүниеден сайдың тасындай іріктелген дарынды өнер иелері жиналады. Осындай ортада өнер көрсету жас музыканттарға халықаралық деңгейде қабілетін таразылап, қай бағытпен жүру керегін ұғындырды. Мұндай үлкен сахнаға шығу мектептегі дайындықтың қаншалықты терең әрі маңызды екенін айқын аңғартады.

Әлемдік додада топ жарған қазақстандық өнерпаздар:

   • 5-сынып оқушысы Думан Тұрақбай бірінші орын иеленді.

   • 9-сынып оқушысы Әбілмансұр Далабек бірден екі номинация бойынша жеңімпаз атанды.

   • 5-сынып оқушысы Бексұлтан Батырханға үшінші орын бұйырды.

Сондай-ақ, А.Жұбанов атындағы мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы Насыр Тарлабек те үшінші орын еншіледі. Бұған дейін ол аккордеон мен баяннан Ресейде өткен чемпионатқа қатысу үшін Қор грантын ұтып алып, сол байқауда да жүлделі үшінші орынға табан тіреген.

Мұндай деңгейдегі жеңіс — жас музыканттар үшін үлкен белес. Дүниежүзілік чемпионатқа тек жоғары деңгейге үйренген орындаушылар қатысады. Әлемнің үздік аккордеонистері жиналған додада үздік шығу сәтті өнер көрсетумен қатар, бәсекесі күшті ортада деңгейіңді дәлелдеу. Жас өнерпаздар үшін бұл нәтиже жай ғана сәттілік емес, көп жылғы еңбектің өтеуі, халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы.

Қор көрсеткен қолдау оқушылар үшін бағын сынап көруге баға жетпес мүмкіндік. Бұл көмексіз сайысқа бару қаржылық жағынан қиынға соғар еді, ал бұл грант балалардың барынша дайындалып, әлем алдында бар өнерін паш етуіне жол ашты.

Бұл сапарда жүлде мен марапат маңызды емес. Ең бастысы, бұл мектеп қабырғасындағы жүйелі жұмыс пен ұстаздардың жанкешті еңбегінің жемісі, ал балалар үшін мәңгілік есте қалатын тәжірибе. Үлкен сахнада өзін еркін ұстап, ертеңгі күнге сенімін арттырған бұл сайыстың жас өрендердің болашағына бағыт берері анық.

Бөлісу