news-img

Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы маңызды белеске айналған – 1990 жылғы 24 сәуір, президенттік институттың құрылған күні қарсаңында, Тұңғыш Президент Музейінде осы атаулы күнге арналған бірқатар іс-шаралар өтті.

 

Бағдарлама аясында «ШАРАПАТ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, елдегі жоғары мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасу кезеңдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берген «Тәуелсіздік шежіресі. 24 сәуір» атты тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылды. Кездесулерге сол дәуір оқиғаларымен тағдыры тығыз байланысты қонақтардың қатысуы ерекше әсер қалдырды. Солардың қатарында Верещагина Маргарита Александровна да болды. Ол анасы – облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы               Н.Ә. Назарбаевтың техникалық хатшысы болып еңбек еткен Тарабанова Мария Михайловна туралы естеліктерімен бөлісті. Бұл шынайы деректер экскурсиялық әңгіменің табиғи жалғасына айналып, оны адами жылылық пен кезеңнің шынайы рухымен толықтырды.

 

Іс-шаралардың әсерлі жалғасы ретінде «Тәуелсіздік шежіресі: 1990 жылғы 24 сәуір» атты виртуалды көрме ашылды. Архивтік және фотоқұжаттарға негізделген экспозиция Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсетеді. Көрмемен музейдің ресми сайтында, сондай-ақ YouTube желісіндегі @first_president_museum арнасында танысуға болады.

Бөлісу