news-img

Біздің көптеген стипендиатымыз өзінің жастығына қарамастан ғылыми салаға белсенді араласуда. Соның бірі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі экономика факультеті «Логистика» мамандығының студенті Айкен Құлдеева.

Университет қабырғасында Айкен ғылыми жұмыспен табысты айналысып, түрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияда талай топ жарды. Әрі оқу ордасында қоғамдық және спорттық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін де мүлт жібермеді. 

- Ғылым – университет өмірінің ажырамас бір бөлігі. Мектептегі білімді толықтырып, ғылыми салаға бет бұрдым. Ең алғашқы мақаланы бірінші курста жаздым және халықаралық конференцияда III дәрежелі диплом алдым. Бұл жеңіс менің әрі қарайғы ғылыми жолыма себепкер болды, - дейді Айкен Құлдеева.

Дарынды қазақстандық құрдастарын еліміздің үлгілі азаматы болуға шақырады.

- Бүгінде мемлекет жастарды қолдау үшін барлық мүмкіндік пен көкжиекті ашуда. Білім алып, ғылым саласында немесе шығармашылықта үздік атанғымыз келсе — бәрі өз қолымызда екенін ұмытпаңыз. Біз тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағы екендігімізді мақтан тұтуымыз керек және осы патриоттық сезіммен елдің дамуына қомақты үлес қосуға әрекеттенуіміз қажет, - дейді Айкен.

Жас зерттеуші Қордың шәкіртақысы әрбір стипендиатқа үлкен қолдау әрі тірек болғанына сенімді.

- Бұл қаржылық қолдау ғана емес, бұл әрқайсымызға үлкен шабыт береді. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шәкіртақысы — бұл барлығымыз үшін ғылым мен шығармашылықты жалғастыруда үлкен серпін, - дейді Айкен Құлдеева.

Түсініктеме қалдыру