news-img

Қазір республикалық студенттік стипендиялар байқауына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бұл ретте, біз оқырмандарымызды Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атағын иеленген жандармен таныстыруды жалғастырамыз.

Біздің бүгінгі айдарымыз Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы сәулет факультетінің үшінші курс студенті Карина Асылханға арналады. Үздік үлгерімнен қатар, бойжеткен академияда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, студенттік өмірде жетістікке жетті. Атап айтқанда, ол "Есту қабілеті бұзылған студенттерді оқытуда қолданылатын қосымша технологиялар" мен "Жайлы орта ұғымы және оның Қазақстанның қалаларында қалыптасуы" атты ғылыми жобаларды қолға алған.

– Қазір кез-келген жанда барлық мүмкіндік бар. Көбінесе қазіргі жастар өз әлеуетін іске асыруда бірқатар кедергіге кездеседі, соның бірі қызмет саласын таңдау екені жасырын емес. Меніңше, болашақты жаныңызға жақын іспен байланыстыру өте маңызды. Егер жұмыс ұнап, оны одан әрі игеруге деген құлшыныс туындаса, сізді ештеңе тоқтата алмайды. Жаныңызға жақын дүниемен айналысыңыз, бұл әлеуетіңізді толықтай ашуға мүмкіндік береді, – дейді Карина Асылхан.

Ғылыми жобалармен жұмыс істеуде дарынды студент сыни ойлап, командадағы білімді әрі жігерлі жандармен әріптестікті дамыта алды.

Қазіргі уақытта ғылыми және шығармашылық қызметпен белсенді айналысатын жастар үшін стипендия ерекше ынталандыру болса, ал енді біреулерге бұл білек сыбана еңбек етуге жол ашты. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы сүйікті ісімді дамытуға серпін берген үлкен марапат, – дейді Карина.

Айта кетейік, стипендиялар байқауы 2022 жылдың 30 маусымына дейін өтеді. Байқау ережесін fnn.kz сайтындағы “Жобалар мен байқаулар” бөлімінен көруге болады.

Түсініктеме қалдыру