news-img

 2020 жылдың 8-9 қазанында алғаш рет «Құқық арқылы демократия үшін» Еуропа комиссиясының (Венеция комиссиясы) 124-ші пленарлық сессиясы онлайн форматта өтті. Мұндай шешімді Венеция комиссиясының басшылығы Covid-19 пандемиясына байланысты қабылдады.

Пленарлық сессия жұмысына Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының атынан Еуропа Кеңесі  Венеция комиссиясының мүшесі И.И. Рогов және Қазақстан Республикасының атынан Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы мүшесінің орынбасары, Конституциялық Кеңес мүшесі Шапак Унзила қатысты.

Пленарлық сессияда Венеция комиссиясы Молдова заңнамасы (сайлау кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және аудиовизуалды медиа қызмет туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бойынша), Черногория («Парламент мүшелерін сайлау туралы заң жобасы» бойынша), Украина (Бүкіл Украиналық референдум арқылы демократия туралы заң жобасы бойынша және «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңға және Жоғарғы Сот пен сот органдарының қызметі туралы кейбір заңдарға өзгерістер енгізу туралы), Грузия( Жалпы юрисдикция Соттары туралы органикалық заңға түзетулер жобасы бойынша), Исландия (Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстар, референдумдар туралы және Исландия Президенті, Үкімет, атқарушы биліктің функциялары туралы төрт Конституциялық заң жобасы бойынша), Түркия (Адвокатура туралы заң жобасы бойынша), Косово (бұқаралық жиналыстар туралы заң жобасы бойынша) заңнамалары қаралып, тұжырымдамалар қабылданды.

Сондай-ақ, сессия қатысушыларына Комиссия дайындаған баяндамалар ұсынылды: Еуропадағы сайлау құқығы және сайлауды басқару туралы; Еуропалық доктрина тұрғысынан түбегейлі конституциялық өзгерістерге бейбіт шақырулар үшін қылмыстық жауапкершілік туралы; Референдумдар өткізудің басшылық қағидаттары; COVID-19 дағдарысына байланысты ЕО-ға мүше мемлекеттерде қабылданған шаралар және олардың демократияға, құқық үстемдігіне және адамның негізгі құқықтарына әсері туралы; сайлау дауларын реттеу туралы баяндамалар.

Жарғыға сәйкес Венеция комиссиясы - қатысушы мемлекеттердің құқықтық жүйелерін, ең алдымен осы жүйелерді жақындастыру, сондай-ақ құқық үстемдігі мен демократия қағидаттарын іске асыру мақсатында зерттеумен айналысатын тәуелсіз консультативтік орган. Комиссия Еуропа Конституциясы мұрасының таралуына жәрдемдеседі. Комиссияның беделді пікірін оның мүшелері болып табылмайтын мемлекеттер де құлақ асады. Мәселен, Өзбекстан ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы заң жобасын комиссияның сараптамасына жіберді.

Қазақстан Венеция комиссиясына бақылаушы мәртебесіне 1998 жылдан бастап ие болды, ал он төрт жылдан кейін оның тең құқықты мүшесі атанды. 2012  жылдың 13 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Құқық арқылы демократия үшін» Еуропа комиссиясына Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстанның Венеция комиссиясының жұмысына толыққанды мүше ретінде қатысуы ұлттық заңнаманы дамыту саласындағы озық шетелдік құқықтық технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Осы жылдар ішінде Венеция комиссиясы мен Қазақстан арасында жемісті ынтымақтастық орнады. Қазақстандағы мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша Комиссия жекелеген құқықтық институттарды реформалау кезінде бірнеше рет сараптамалық-әдістемелік көмек көрсетті.

Венеция комиссиясының ұсынымдары заңнамалық актілердің жобаларын дайындау және құқықтық саладағы маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде ескеріледі.

Түсініктеме қалдыру