news-img

Оңтүстік Кореяның «SIGONGTECH» компаниясы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры, Қазақстандағы Корея Республикасы Елшілігінің және Кореядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен коронавирус инфекциясынан қорғайтын арнайы костюмдер мен медициналық диагностика құралдарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырды.

Гуманитарлық көмек вирусты анықтайтын 2000 ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тесті, 2500 R-Guard3000 қорғаныс костюмі және талдау жүргізу үшін биоматериал жинауға арналған 20 000 контейнерден тұрады. Оңтүстік Кореяда өндірілген бұл медициналық құралдар оң нәтиже көрсетуде. 

ҚР Денсаулық сақтау министрілігіне берілген ПТР тестілер, диагностикалық жиынтықтар мен вирусқа қарсы медициналық қорғау құралдар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына беріледі. Өйткені осы қалаларда коронавирус індеті көп тіркеліп отыр.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы медициналық құрал-жабдықтарды денсаулық сақтау басқармасына тапсыру рәсімі барысында: «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның берік достық қарым-қатынасы қалыптасты. Екі ел арасында инновация, экономика, сауда және мәдени салалардағы өзара іс-қимылы нығайып келеді. Корей компаниясының Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсетуі - Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы көпжылдық достықтың тағы бір айғағы. Корейлік серіктестерге осындай нақты көмек үшін алғыс айтамын!», - деп шараның маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде «SIGONGTECH» компаниясының атқарушы директоры Ко Юн Сан да мұны атап өтті: «Корея да, Қазақстан да қазір қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатыр. Бұл өзара ынтымақтастық пен қамқорлық бұрынғыдан да көбірек қажет болатын уақыт. 2013 жылдан бастап SIGONGTECH компаниясы Нұр-Сұлтан қаласында көптеген ірі дизайнерлік, көрме жобаларын жүзеге асырып келеді, әрі Қазақстанмен ерекше сенімді қарым-қатынас орнатты. Сонымен қатар, COVID-19-ға қатысты қиын жағдайға қарамастан, тынбай еңбек етіп жатырмыз. Бұл гуманитарлық көмекті, ең әуелі Қазақстан халқы қауіпсіз және денсаулығы мықты болады деген үмітпен береміз. Осы қысылтаяң шақты бірге еңсереміз деп сенемін».

Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик мырза: «Қазақстан үкіметінің пандемияның таралуын ауыздықтау бойынша уақтылы қабылдаған шараларының және халықтың азаматтық жауапкершілігінің арқасында Қазақстан бұл індетпен табысты күресіп жатыр». Елші оңтүстік корей компаниясының гуманитарлық көмегін шынайы достық қарым-қатынастың жарқын үлгісі деп бағалады.

Медиа жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру