Тәжірибе, технология және дәстүр: Алматы облысында музейаралық ынтымақтастық қалай дамып келеді
Тарихи мұраны сақтаудың заманауи тәсілдері мен өңіраралық мәдени диалог Алматы облысының Қарасай ауданында өткен іс-шаралардың басты тақырыбына айналды. Ынтымақтастық туралы меморандум аясында Тұңғыш Президент музейі мен Алматы облысы музейлер бірлестігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен көрме экспозициясы мен музей қорын цифрландыруға арналған кәсіби семинарды қамтитын кешенді бағдарламаны ұсынды.

Бағдарлама Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Болаттың жарқылы» көрмесінің ашылуымен басталды. Көрме Музей қорында сақталған жәдігерлер негізінде ұйымдастырылды. Экспозицияға әртүрлі халықтардың қару-жарақ жасау дәстүрін танытатын суық қарудың 26 үлгісі қойылды. Олардың қатарында араб қанжарлары, жапон катаналары, қылыштар, семсерлер, кортиктер және басқа да қару түрлері бар.

Көрме аясында этнограф әрі қару-жарақ зерттеушісі Қалиолла Саматұлымен қару жасау өнерінің дәстүрі мен қыр-сыры туралы жүргізілген сұхбаттың бейнежазбасы көрсетілді.

«Болаттың жарқылы» көрмесін өңір тұрғындары мен қонақтары 2027 жылы 29 қаңтарға дейін тамашалай алады.

Сонымен қатар Қарасай аудандық кітапханасында музей қорын есепке алу мен жүйелеудің заманауи тәсілдеріне арналған «Цифрлық мұра: жәдігерден жүйеге дейін» атты ғылыми-практикалық семинар өтті. Семинар музей қызметкерлері мен мәдениет саласындағы іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты мамандарға арналды.

Іс-шара барысында Музей әзірлеген «Цифрлық мұра» автоматтандырылған жүйесі таныстырылып, музей жәдігерлерін дәстүрлі есепке алу үдерісін цифрлық форматқа көшіру мүмкіндіктері талқыланды.

Осылайша, бағдарлама музей қызметінің екі маңызды бағытын – материалдық-мәдени мұраны кеңінен таныту және оны цифрлық форматқа көшіруді ұштастырды.

Іс-шаралар мамандардың пікір алмасып, тәжірибе бөлісуіне және музейаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуына мүмкіндік берді.
