news-img

Астана күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейі Елорда тұрғындары мен қонақтарын фотосурет өнері, кескіндеме, тарих және сахна мәдениетін тоғыстыратын «Қала келбетіне қосылған штрихтар» атты арт-құжаттық жобаға шақырады.

27 маусым күні Астана күніне арналған «Қала келбетіне қосылған штрихтар» арт-құжаттық жобасы ашылады. Қонақтарға тарихын, болмысын және ерекше атмосферасын сақтай отырып, үздіксіз дамып келе жатқан Астанаға көркемдік тұрғыдан жаңаша көзқарас ұсынылады.

Іс-шара музейдің «Дәуір жасампаздары / Замандастар» тарихи-мемориалдық жобасы аясында ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты – қазіргі заман тарихын маңызды тарихи тұлғалар, оқиғалар мен үдерістерді зерттеу арқылы жаңаша пайымдау. Бұл үшін заманауи зерттеу тәсілдері, жаңа дереккөздер мен талдау әдістері қолданылады.

Қонақтар «Астана – тәуелсіздіктің символы» атты жаңартылған экспозициямен танысып, сондай-ақ екі бірегей көрмені тамашалай алады.

Фототілші Шүкір Шахай астананың қалыптасу кезеңдерін, маңызды оқиғаларын және қала тұрғындарының күнделікті өмірін бейнелейтін «Объективтегі қала» фотокөрмесін ұсынады.

Суретші Бақытнұр Бүрдесбеков өзінің «Кенептегі қала» атты жеке көрмесін көрсетеді. Бұл көрмеде Астана жадының, уақыттың және жасампаздықтың көпқырлы кеңістігі ретінде көрініс табады.

Ашылу рәсімінің ерекше бөлігі ретінде NOMAD хореография академиясының көркем бағдарламасы ұсынылады. Би, пластика және музыка тілі арқылы көрермендерге астананың кең дала төсінен тәуелсіз Қазақстанның заманауи орталығына дейінгі даму жолы баяндалады.

Іс-шара Тұңғыш Президент музейінде өтеді.  А. Бөкейхан көшесі, 1.

Бағдарлама 27 маусым күні сағат 11:00-де басталады.

Елордамыздың өткені, бүгіні мен келешегіне арналған мәдени шараның куәсі болып, рухани әсер алуға баршаңызды шақырамыз.

Іс-шараға қатысу үшін сілтеме арқылы алдын ала тіркелу қажет.

Бөлісу