Тарих пен заманауи көзқарас: Тұңғыш Президент музейінде «Museum Cup–2026» турнирі өтті
«Debat Eli» қоғамдық қоры мен Тұңғыш Президент музейі мәдени-ағартушылық бастамаларды бірлесіп дамытып келеді. Осы серіктестік аясында «Museum Cup–2026» дебат турнирі ұйымдастырылды.


Бұл музей кеңістігінде өткен алғашқы форматтағы турнир. Яғни, тарих пен мәдениет, сондай-ақ жаңа буынның тың идеялары тоғысқан ерекше алаңда жүзеге асқан мазмұнды іс-шара.


Турнирдің мақсаты – жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, шешендік өнерін шыңдау, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру, сондай-ақ мәдени-тарихи мұраға деген қызығушылықты арттыру.


Байқауға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, үздік пікірсайысшы атағы үшін бақ сынады. Астана қаласынан келген ең белсенді жастардан құралған 28 команда, шамамен 60 қатысушы өзара сайысқа түсті. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жалпы жүлде қорын 200 000 теңге көлемінде белгіледі.


Турнир тек тарих пен мәдениет аясымен шектелмей, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, жеке таңдау мәселелері, сондай-ақ қазақ қоғамындағы ру-тайпалық құрылым ерекшеліктері секілді өзекті тақырыптарды да қамтыды.


Бес раундқа созылған тартысты дода қорытындысында «Датұлы мен Бөкейханов» фракциясы (Сырым Жоямерген мен Марат Әлихан) жеңімпаз атанды.


Сонымен қатар жекелеген номинация иеленгендер:
• «Үздік төреші» – Ақжан Бақытжанқызы
• «Үздік спикер» – Алмат Бердімұрат

