Астанада президенттік институттың трансформациясының тарихи аспектілері талқыланды
Қазақстандағы президенттік институттың тарихи дамуы, оның елдің өркендеуі мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі рөлі бүгін ҚР Президенттік орталығында кеңінен талқыланды.

«Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: жаңа конституциялық модельге көшу» тақырыбындағы дөңгелек үстелді орталық қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға саясаттанушылар, ҚР Мәжілісінің депутаттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен өзге де сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар президенттік институттың дамуын 2026 жылы наурызда қабылданған жаңа Конституция аясында талқылады.

Кіріспе сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат еліміздегі президенттік институт стратегиялық шешімдер қабылдаудың өзегі екенін атап өтті:
«1990 жылы Қазақ КСР Президенті лауазымының енгізілуінен бастап бүгінгі күнге дейін бұл институт уақыт талабына сай дамып, өтпелі кезеңде ел тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналды. Институционалдық реформалардың заңды жалғасы ретінде 2026 жылы Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Негізгі заңның идеологиясы мен мазмұны «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделген».

Қатысушылардың пікірінше, жаңа Конституцияда Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктеріне енгізілген өзгерістер жүйелі сипатқа ие болып, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың іргелі қағидаттарына әсер етеді.

Негізгі лауазымды тұлғаларды тағайындау құқығы, жаңа саяси институттарды қалыптастыруға ықпал ету, қосымша органдарды құруға қатысу сынды Президенттік институтты күшейтетін тетіктер бекітілген. Президенттік билік вертикалын нығайтудың бір құралы ретінде вице-президент лауазымы енгізілді.

Сонымен қатар Президент, Құрылтай және мемлекеттік биліктің өзге де тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі күшейтіледі.
Аталған дөңгелек үстел елді жаңғырту мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.