news-img

Қарыштап өзгеріп жатқан заманда өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра алатын өнердің маңызы арта түсуде. Осындай ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани көпір — бүгін Назарбаев орталығында ашылған шағын мүсін пластикасы мен керамикадан жасалған кәдесыйлық және тұрмыстық-көркем бұйымдар байқауы қатысушыларының көрмесі.
 

Аталған көрме аясында балалар көркемсурет мектептерінің тәрбиеленушілері мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері арасында өткен байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Байқау этностиль бағытында тер төгіп, қазақ мифологиясы, халық ертегілері мен дәстүрлі мәдениет бейнелерін заманауи көркем тілде жаңаша пайымдайтын жас дарындарды бір арнаға тоғыстырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі жүзеге асырған жоба керамика мен мүсін өнері саласындағы жас авторлардың шығармашылық ізденісін қолдап, олардың кәсіби қалыптасуына жол ашатын маңызды алаңға айналды.

Игі бастама адами капиталды дамыту және ұлттық мәдени кодты ілгерілету бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы басты мақсат — өнер арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу, балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдау, рухани дамуына жағдай жасау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты — дарынды жастарды анықтаумен шектелмей, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне, шығармашылық шабыт алуына мүмкіндік беретін кеңістік қалыптастыру.

Көрме — көпшілікке ашық, мәдени маңызы зор шара. Ол көрерменге бүгінгі жас суретшілердің ұлттық мәдениетті қалай қабылдайтынын — батыл, бейнелі әрі өз тамырына деген терең құрметпен жеткізетін көркем көзқарасын танытады.

Бөлісу