Жад, тәжірибе, өзгеріс: «Кеме» көрмесі не туралы сыр шертеді
Назарбаев орталығында Tan Art Residency мен Тұңғыш Президент музейі ұйымдастырған «Кеме» шығармашылық көрмесі ашылды.


Көрмеде суретшілер Мәриям Әлібай, Әсел Тілеулен, Аяжан Асыми, Нәзира Сәдуақас ұсынған туындылар қойылған.


Экспозиция адамның балалық шақтан бастап бастан кешетін ішкі және сыртқы өзгерістерін бейнелейді. Бұл ортақ тәжірибе мен күнделікті әрекет арқылы адамның қоғамның бір бөлігіне айналуын астарлы түрде көрсететін көркем ой. Балалық шақтағы тентектік, ойындар, алғашқы қорқыныштар, жаңалықтар мен сан түрлі ой-толғам – осының бәрі адамның дүниетанымын өзгертіп, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.


Төрт суретші де көркем бейне арқылы адамның болмысы қалай қалыптасатынын көрсетеді: ол жеке өмір оқиғаларынан, ұрпақ жадынан, күнделікті ғұрыптар мен мәдени кодтардан құралады.


Осы тұрғыдан алғанда, «Кеме» көрмесінің өзегінде көне философиялық ой – Тесей кемесі туралы сұрақ жатыр: егер кеменің барлық бөлшегі біртіндеп ауыстырылса, ол сол бұрынғы кеме күйінде қала ма? Көрме көрерменді мынадай ойға жетелейді: адамның тұтастығын не сақтайды – жады ма, ішкі құндылықтар жүйесі ме, әлде мәдениетпен байланыс па?


Экспозициядағы ерекше назар аударатын нысан – орындықтар мен матадан жасалған лашық. Ол адамның үйін, оның жылы мекенін бейнелейді. Лашық көрермендердің қатысуымен толығып отыратын кеңістікке айналған: келушілер балалық шағындағы үймен байланысты естеліктерін (түрлі заттар, сөздер жазылған стикерлер және т.б.) қалдыра алады. Уақыт өте келе ол жай ғана көрме нысаны емес, ортақ естеліктерден құралған бірлескен шығармашылық үдеріске айналады.


Көрме 5 наурыз 6 сәуір аралығында ашық болады.


Экспозицияны көру үшін алдын ала мына нөмір арқылы экскурсияға жазылу қажет: +7 702 258 66 08.

