ҮЕҰ-дың жаңа белесі: Атыраулық ұйымдар Алматыда оқудан өтті
19 қараша күні Алматыдағы Қордың Өкілдігінде Атырау облысынан келген делегация – үкіметтік емес ұйым мамандары, азаматтық қоғам белсенділері мен еріктілер үшін оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Өкілдік қызметкерлері қатысушыларға ұйым жұмысының негізгі бағыттарын таныстырды. Делегация шығармашылық, ғылыми және әлеуметтік бағдарламалардың жұмысын біліп, маңызды бастамалар туралы бейнематериалдар көрді, сондай-ақ Өкілдіктің құрылымы мен командасы жайлы мағлұмат алды. Жеке бөлім «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» жобасына арналды, қатысушыларға өтінім берушілерге арналған әдістемелік ұсынымдар мен алдыңғы жылдары табысты жүзеге асқан жобалар көрсетілді.
Іс-шараның негізгі бөлігі азаматтық сектор өкілдерінің кәсіби дағдысын арттыруға бағытталған екі кәсіби тренинг болды.

Бірінші тренингті жазушы, публицист және қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов өткізді. Ол белсенділердің ойлау қабілетін дамытуға қатысты заманауи тәсілдер жөнінде айтты. Қатысушылар DalaMind тұжырымдамасымен танысып, дәстүрлі IQ түсінігінің шектеулілігі, ойлау икемділігі мен әртүрлі интеллект түрлерін үйлестірудің маңызы туралы пікір алмасты. Тәжірибелік бөлімде «Үш түрлі ақыл» жаттығуы жүргізіліп, әркім өзінің күшті және әлсіз тұстарын бағамдауға мүмкіндік алды.

Екінші тренингті «ISKER қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Толқын Сәметова жүргізді. Ол бизнес пен ҮЕҰ арасында орнықты серіктестік құру қағидаттары туралы баяндады. Сенімге негізделген ашық коммуникациядан бастап бірлескен жобалардың тиімді үлгілерін таңдауға дейінгі маңызды қадамдар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар бастамалардағы табысты серіктестіктің нақты мысалдарына баса назар аударылды.

- Бұл кездесу біздің командамыз үшін маңызды кәсіби кезең болды. Біз Қордың ішкі жұмысын көріп, үздік тәжірибелермен меңгердік, көптен бері көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алдық. Әсіресе, тренингтер тың серпін беріп, ҮЕҰ рөліне деген көзқарасымызды кеңейтті, әрі қарай дамуға жаңа мүмкіндік ашты. Біз шабыттанып, жобаларымызға жаңа идеямен ораламыз, — деді делегация жетекшісі, «Qabilet» ҚҚ директоры Алтынгүл Атабаева.

Кездесу азаматтық белсенділер мен үкіметтік емес сектор қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыруды көздейтін «Qabilet ҮЕҰ акселераторы» жобасының тағылымдамалық бағдарламасы аясында өтті. Делегация іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қор мамандарының кәсібилігін және кездесудің тәжірибелік маңызын жоғары бағалады.