Астанадағы WFNS Education Course – 2025 аясында үздік нейрохирургтар тәжірибе алмасып жатыр
Назарбаев орталығында өтіп жатқан WFNS Education Course – 2025 конференциясы барысында әлемнің үздік нейрохирургтері тәжірибе алмасып жатыр.


Курсты Ұлттық ғылыми медициналық орталық Дүниежүзілік нейрохирургтер федерациясы (WFNS) және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырған.


Курс аясында әлемдік және қазақстандық үздік нейрохирургтердің дәрісі, шебердің сабағы және клиникалық жағдай талқыланып жатыр. Олар жас мамандарға озық медициналық технология, омыртқаға, ми мен жұлынға жасалатын күрделі отаның негізгі әдістемелерін таныстырып, тәжірибе алмасып отыр.


Курс барысында «Омыртқа аурулары», «Ми аневризмасы мен артерио-веноздық мальформация», «Инсульт», «Бассүйек негізінің ісіктері», «Нейроэндоскопия» сынды маңызды тақырыптар кеңінен қарастырылып жатыр.


Жалпы, бұл курс нейрохирургиялық көмектің сапасын жақсартып, пациенттерді емдеу тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды алаң болып саналады.