news-img

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясатының берік діңгегі – бейбітшілік пен келісім, ғаламдық қауіпсіздік идеясын кеңге жаю.

Осы құнды идеяларды халықаралық деңгейде талқылау және оны тарату – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Бүгінгі таңда ғаламдық қауіпсіздік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Сарапшылардың пікірінше, ядролық қаруы бар алпауыттар арасындағы қырғи-қабақ қарым-қатынас пен сенімсіздік соңы дағдарысқа ұласып отыр. Бұған «ядролық клубтың» кеңеюі де себеп. Өйткені кей елдер ядролық арсенал құруға талпынуда. Мұның жарқын көрінісі ретінде бүгінде дүниежүзілік БАҚ пен саясаткер, сарапшылардың назарын өзіне аудартқан Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жүзеге асыруын айтуға болады.

Осы тақырыптың өзектілігін есепке ала отырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты Оңтүстік Кореядағы ірі коммерциялық емес ұйым Корей қорымен бірлесе «Корей түбегін денуклеаризациялау. Жаһандық мәселелерді шешудегі Қазақстанның антиядролық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Шара мақсаты – ғаламдық ядролық қауіпсіздік мәселелерін талқылау. Сонымен қатар Корей түбегінде туындаған дағдарысты шешу жолдарын іздеу, ядролық қарусыздандырудағы Қазақстанның бірегей тәжірибесін зерттеу.

Шараға ҚР Тұңғыш Президент Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Корей қорының президенті Ли Сихён, ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик және басқа да қазақстандық әрі корейлік сарапшылар қатысты.

Шарада сөз алған И. Рогов «адамзат ядролық жарыстың қырғын кеселін ұмыта қоймағанына қарамастан, бүгінгі таңда ғаламдық ядролық қауіпсіздік жүйесі жаңа қауіп-қатерлермен бетпе-бет келгенін» айтты.

Дөңгелек үстел барысында Корей түбегін денуклеаризациялау мәселесіне үлкен назар аударылды. Баяндама жасаған сарапшылар 2018 жылы КХДР мен Корей Республикасы, КХДР мен АҚШ арасында басталған келіссөздер үдерісін үзуі мүмкін негізгі кедергілерді атап өтті.

Бұған қоса шараға қатысушылар ядролық қаруды таратпау бойынша Қазақстанның бірегей бастамалары мен теңдессіз тәжірибелерін де тілге тиек етті.

Корей қорының президенті Ли Сихён: «Біздің делегацияның барлық мүшесі Қазақстанның ядролық қарусыздану шешімін қабылдағанын және ол шешімді өмірге енгізу үшін қанша күш жұмсағанын, ғаламға жойғыш қаруларды таратпау режимін сақтауға зор үлес қосқанын  ерекше ықыласпен бақылады. Онымен бірге барша делегация мүшесі бұл мәселе бойынша Қазақстанның тәжірибесі Солтүстік Кореядағы денуклеаризация үдерісін жандандыратынына және осы оқиғадағы әр нақты қадамдардың сәтті шешілуіне үлгі болатынына үміттенеді. Бүгінгі шара солтүстіккореялық денуклеаризция мәселесінің тез арада шешілуіне және Азия мен барша әлемде қауіпсіздік пен бейбітшіліктің терең тамыр жаюына өз әсерін тигізеріне сенеміз. Сонымен бірге, бүгінгі дөңгелек үстел қос қор арасында көпжақты ынтымақтастықтың дамуының бастамасы боларына сенеміз», - деп өз ниетін танытты.  

ҚР Тұңғыш Президент Қоры халықаралық бағдарламалар үйлестірушісі, дипломат Қайрат Әбусейітов өз сөзінде ядролық қарудан бас тартуда Қазақстанның бірінші болып қадам жасағанын баса атады. Қазақстан Семейдегі ірі ядролық полигонды жауып, соңынан барлық ядролық сынақтарға қарсы мемлекеттік ұстанымдарын күллі әлемге танытты. Оған қоса біздің ел «P5+1» үлгісіндегі келіссөздер алаңын ұсыну арқылы Иран ядролық бағдарламасын реттеу үдерісіне зор үлес қосты. Ядролық қаруды таратпаудағы маңызды шаралардың біріне біздің елімізде құрылған МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін жатқызуға болады. Қазақстанның Орталық Азиядағы ядролық қарудан еркін аймақ құру тәжірибесі бірегей идея ретінде әлемнен өз бағасын алуда.

Шараға қатысушылар екі ел сарапшылары арасында осы тектес кездесулерді жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты. Мұндай шараларға КХДР ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерге қатысатын маңызды елдердің, атап айтсақ, ҚХР, АҚШ, РФ және Жапонияның сарапшылары да қатыса алады.

Дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев: «Бүгінде дүниежүзінің барлық елдері осы күрмеуі қиын мәселенің оң шешімін тапқанын қалайды. Қазақстан ядролық қарусыздану саласындағы өзінің мол тәжірибесі мен биік абыройын ескере отырып, Корей түбегін денуклеаризациялау мәселесі бойынша бұдан арғы пікір-таластар мен келіссөздер үшін өз алаңынан ұсына алады», - деді. 

Бүгінгі шара нәтижесінде ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры мен Қорей Қоры сарапшылардың кезекті кездесуін Сеулде өткізуге уағдаласты.

Медиа жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру