«Суретші және оның замандастары»: Астанада Жеңіс Нұрлыбаевтың мерейтойлық көрмесі ашылды

Бүгін Тұңғыш Президент музейінде қазақстандық суретшісі Жеңіс Нұрлыбаевтың «Суретші және оның замандастары» атты жеке көрмесі ашылды.
Жеңіс Нұрлыбаев – кескіндемеші әрі график, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері (2008), сондай-ақ, Тұңғыш Президент музейінің суретші-реставраторы.
Экспозиция шебердің 60 жылдық мерейтойына және оның шығармашылық қызметінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көрмеде «Көз көргендер» сериясынан алынған 100 портрет ұсынылған. Бұл еңбектер графика мен кескіндеме техникасында орындалған.
Шығармалар суретшінің замандастарына арналған, олар елдің мәдени және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан тұлғалар. Сонымен қатар, бұл туындылар автордың көпжылдық кәсіби ізденісінің нәтижесі.
Портреттер ерекше көркемдік тәсілмен орындалған: диагональ бойынша 45 градус бұрышпен штрихтау техникасы суреттерге тереңдік пен көлем беріп, бейнені әсерлі ете түседі. Бұл әдіс Қазақстан бейнелеу өнерінде сирек қолданылатындықтан, көрмені бірегей етеді.
Көрмені суретшінің авторлық каталогтары, «Ақ зер» атты қос томдық жинағы, эссе мен публицистикалық жазбалары толықтырып отыр. Бұл еңбектерде автордың өнерге және қоғамға қатысты философиялық ой-толғамы көрініс табады.