news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Каспий университетінің «Әділет» Жоғары құқық мектебі мен Жария құқық ҒЗИ ұйымдастырған «Интернет және адам құқықтары» XVII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында осы мәселе кеңінен талқыланды. Іс-шара адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылды.

«Интернеттің қарқынды дамуы жағдайында киберқылмыстың өсуі байқалады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманы сыни тұрғыдан қарастыру және осы саладағы олқылықтың орнын толтыру қажеттілігі туындайды», - деді Каспий университетінің ректоры Жолдасбек Нүсенов.

Киберқылмыстың өзекті мәселе екеніне Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов та назар аударды. Ол интернет кеңістігінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша нақты заңнамалық реттеу қажет екенін атады.

Ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және балаларды заңсыз контенттен қорғау сияқты құқықтар туралы Қордың ғылым жөніндегі кеңесінің төрағасы Ермек Тоқтаров айтты.

Қазақстандық қоғамды цифрландырудың оң-теріс жақтарын, кибербуллинг мәселесін және оның ықтимал нысандарын Алматыдағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова егжей-тегжейлі қарастырды.

Конференцияны қорытындылай келе, кездесу модераторы Каспий университетінің «Әділет» ЖҚМ қауымдастырылған профессоры, з.ғ.к., Қор жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің мүшесі Әсел Қалымбекова іс-шараның ғалымға, студентке, магистрантқа, бір сөзбен барлық қатысушының ғылыми-зерттеу қызметін дамыту үшін пайдалы болғанына сенім білдірді.

Сарапшылар интернет-технологиялар мен жасанды интеллект адам құқығын қамтамасыз ету және қорғау саласындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласына зор әсер етеді деп санайды. Сондықтан цифрландыру үдерісі оның оң тұстарын ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқықтар мен бостандықтарды бұзуға қабілетті тәуекелдерді анықтауда терең ғылыми талдаумен бірге мұқият жүруі керек деген пікірде.

 

Түсініктеме қалдыру