news-img

Қарапайым ортада өзін жайлы әрі қауіпсіз сезіну даму ерекшелігі бар бала үшін өте маңызды. Әлеуметтену үдерісі көптеген бағытты, соның ішінде физикалық дамуды да қамтиды. Оралда нашар көретіндерге арналған «Windance» би орталығын ашқан Мира Жарлығапова мұны терең түйсінген.

Көру қабілеті нашар балаларға арналған мекеменің түлегі ретінде Мира қазіргі инклюзивті білім беру жүйесінің қыр-сырын жақсы біледі. Тәжірибелі хореограф мұндай балаларды нормотиптік құрдастарының арасына бейімдеуге және интеграциялауға көмектесе алады.

Мира Жарлығапова бұл идеясымен былтыр күзде өткен «ЖасSTAR Awards» шығармашылық жұмыстар байқауына қатысқан. Сол жарыста 10 жеңімпазының бірі атанып, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантын ұтып, идеясын жүзеге асыруға кірісті.

Еліміздің батыс аймағында көру қабілеті нашар жастардың әлеуметтенуіне және бейімделуіне, сонымен қатар, сертификатталған мұғалімнің жетекшілігімен олардың үйлесімді физикалық дамуына көмектесетін алғашқы көру қабілеті нашар жандарға арналған би орталығы ашылды.

Би сабақтары физикалық дамудың ғылыми дәлелденген әдістері арқылы адамға емдік әсер етеді. Әрі жеке тұлғаның сенімділігін арттыруға және эмоционалды жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Бұған қоса, хореограф мамандығын үйренуге деген қызығушылықты дамыту мүмкіндігі бар. Қазіргі әлемде өнердің бұл түрі бәсекелесу және жеңу дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Айтпақшы, орталықтың сипаттамасында «Windance» өмірде жеңіске жетуге үйретеді деп жазылған.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатында «Хореография сабағында білім алушылардың үйлестіру және эмоционалдық мәнерлілігін дамыту» тақырыбында ашық сабақ өтті. Оған тифлопедагог, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектептің хореографы, көз дәрігері, ата-аналар қатысты.

Біз орталықтың жұмысына табыс, ал шәкірттеріне жарқын жеңістер тілейміз!

Түсініктеме қалдыру