news-img

Саз балшық терапиясы – бұл жеке тұлғаны психологиялық әдістермен түзеуге арналған ерекше өнер. Саздан мүсінше дайындау психологиялық шиеленісті жеңілдетумен қатар, адамның сенсорлық моторикасын дамытуға бағытталған.

Психологтар нәтиженің өзі емес, мүсіндеу жасау маңызды екенін атап өтеді, өйткені балшықпен жұмыс теріс тәжірибенің жағымды эмоцияға айналуына көмектеседі. Өзін-өзі көрсету мүмкіндігі эмоционалды-ерікті саланы, қиялды дамытады және шығармашылықты белсендіреді.

Саз балшық терапиясымен айналысу нормотиптік балаларға да, дамуында ерекшелігі бар адамдарға да пайдалы. Оның кең қолданылуы мен әмбебаптығын ескерсек, бұл терапия ерекше балаларды оңалту мен абилитациялаудың ең жақсы түзету әдісінің бірі болып қала береді.

Осы мақсатта қыш жасаушы әрі саз балшық терапиясының маманы Азамат Сқақов Астанада «AS» инклюзивті қыш шеберханасын ашуға шешім қабылдады. Идеясын «ЖасSTAR Grants Program» шығармашылық жобаларды қолдау бойынша байқауға ұсынып, Нұрсұлтан Назарбаев қорынан грант алды.

Осылайша, елордалық балалар Азамат Сқақовтың жақында ашылған шеберханасында шеберлік дәріске қатысып, балшықпен жұмыс істеп үйренеді. Ашылу кезінде Азамат саз терапиясы бойынша дәріс өткізіп, өзінің шығармашылық мамандығының қыр-сырымен таныстырды.

Азамат Сқақов бірнеше жыл бойы ерекше қажеттілігі бар балалармен және ересектермен жұмыс істейді. Ол балабақшаларда, мектептерде, түзету орталықтарында саз терапиясы бойынша дәріс өткізіп, мамандарды оқытады. 

Ол ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған тегін шеберлік дәріс өткізеді, қайырымдылық инклюзивті фестивальге қатысады, атап айтқанда, Өзбекстандағы Даун синдромы бар Халықаралық адам күніне арналған «Самарқанд – мәдениеттер тоғысы» Орта Азия инклюзивті фестивалінде ел атынан өнер көрсетті.

Ашылу салтанатына қатысқан барлық бала мен маман бір ай ішінде шеберханада тегін оқи алады. 

Шеберхананың мекенжайы: Астана қ., Майлин к-сі, 31.

Түсініктеме қалдыру