news-img

2022 жылғы 3-4 желтоқсан аралығында Ы. Алтынсарин атындағы Binom school қабырғасында екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан дәстүрлі «El Umiti Cup» Ұлттық пікірсайыс гранд-турнирі өз мәресіне жетті.

Турнирдің ұйымдастырушысы - «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қоры. Турнирге республиканың 20 аймағынан 330 фракция өтінім беріп, олардың арасында ең үздік 56 фракция іріктелді.  Жас ораторлар БПФ форматында (Британдық парламенттік формат) жастар арасындағы миграциялық көңіл-күй, мектептерде жыныстық тәрбие сабағын міндетті пән ретінде енгізу, қандастардан басқа кез-келген шетелдік тұлғалар үшін Қазақстанда тұру ықтиярхатын беру бойынша шараларды қатаңдату және әлеуметтік желілердің жаңалықтың негізгі көзі ретінде қабылдануы сынды өзге де қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады.

Шара барысында жеңімпаздарды марапаттаған «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қорының Басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, қазір дебаттық білім беру технологиясын мектеп оқушылары үшін қолжетімді ету және қозғалысқа жаппай қолданысқа енгізу реңін беру маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ пікірсайыс турнирлерін ұйымдастыру Елбасы Академиясының екі жылдық жұмысының бір бөлігі екенін айтып, пікірсайысты жүйелендіру жолындағы жұмыстарымен бөлісті.

 - «Қазір біз пікірсайысшы әліппесін және төрешілік етудің біріңғай ережелер жинағы - Пікірсайыс кодексін дайындап жатырмыз. Аймақтардағы көптеген кездесулер мен талқылаулардан кейін біз алғаш рет  қазақ қоғамындағы пікірсайыс құндылықтары мен мақсаттары айқындалған пікірсайыс Хартиясын қабылдадық. Біздің пікірсайыс шараларымыздың саны мен географиясы алдағы уақытта тек ұлғаятын болады».

Екі күндік тартысты мәреде жеңімпаздар қатары келесідей ретпен анықталды.

Қазақ лигасы:

«Үздік төреші» - Айтолқын Қуанышева, Астана қ.

«Үздік спикер» - Кәрімова Аружан, Ақтөбе облысы. 

Финалистер– «Найза» (Темірханова Айнара, Максутова Гүлден, БҚО)

3-орын – «Qahar» (Сәрсенбай Нұрсұлтан, Мүбәрак Мансұр, Павлодар облысы)

2-орын– «Ритория» (Кәрімова Аружан, Битанова Аяна, Ақтөбе облысы)

Жеңімпаздар – «Comeback» (Ғабдолла Раяна, Есенжол Еркін, БҚО)

 

Орыс лигасы:

«Лучшая судья» - Айдана Абдижанап, Астана қ.   

«Лучшая спикерка» - Айдын Дина, Астана қ.  

Финалистер – «Молния» (Жүніс Нұрсая, Оразхан Елназ, Астана қ.)

3 орын – «Закарийя» (Жасұлан Данияр, Арзакулов Рахат, СҚО)

2 орын– «Дочери маминой подруги» (Туружанова Камила, Сапарбек Дильназ, Ақмола облысы)

Жеңімпаздар – «Айтеке А» (Курманалина Сая, Курамысова Камила, Ақтөбе облысы).

Барлық жүлделі орынға ие болған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табысталды. Сондай-ақ қатысушылар үшін Астаналық «Элита» жайдарман құрамасы әзіл айтып, Live Band «LAS VEGAS» және эстрада жұлдызы Мархаба Сәби көңілді кеш сыйлады.

Түсініктеме қалдыру