news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Елбасы Академиясының жоба менеджерлері ұйымдастырушылардың шақыруымен қазір Сингапурда өтіп жатқан EDTECH Asia саммитіне қатысты. 

Саммитке Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінің ең табысты білім беру EDTECH жобалары ұсынылды, венчурлік қорлар, LinkedIn Microsoft, Google, Udemy және басқа да ірі компаниялар спикерлерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Саммитке қатысушылар EDTECH индустриясының даму үрдісімен танысты, мектеп біліміне инновацияларды енгізудің халықаралық білім беру тәжірибесінің мәселелерін талқылады.


 
Шетелдік әріптестер Елбасы Академиясының білім беру бастамаларын іске асырудағы тәжірибесіне қызығушылық танытты. Академия жобаларының көрмесімен танысып, саммитке қатысушылар "Мың бала", "Қабілет", "Бірге оқу", "Елбасы медалі" жобалары туралы ақпарат алды.

Ғылыми-техникалық зерттеулер мен дарындылар желісін құру бағдарламаларын қаржыландыратын Schmidt Futures инвестициялық қорының өкілі Труман Лю білім беру жобаларын дамыту саласындағы Академиямен серіктестікті талқылауға дайын екенін білдірді. 

Сонымен қатар, Академия қызметкерлері Edventures (БАӘ - дегі білім беру стартаптарының акселераторы) негізін қалаушы және басқарушы директоры Далия Ибрахиммен кездесу өткізді. Далия ханым Дубай нарығында Академия жобаларының тұсаукесерін ұйымдастыруды ұсынды.

Curioo USA Limited компаниясының негізін қалаушы Кэтрин Ванг "Қабілет" жобасы аясында ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Сингапурдың Мeta (Facebook) кеңсесінің өкілдерімен маңызды кездесу өтті, оның барысында Метаның дамуы мен Қазақстан нарығына келуі мәселелері талқыланды.

Түсініктеме қалдыру