Қор қолдауымен Сағадат Омарғазин Германиядағы беделді халықаралық байқауда Қазақстан атынан өнер көрсетті
15 жастағы скрипкашы Сағадат Омарғазин Германияның Хоф қаласында өткен IX Халықаралық Анри Марто атындағы скрипкашылар байқауында Қазақстанның намысын қорғады. Жас музыканттың халықаралық байқауға сапары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шығармашыл әрі дарынды жастарды қолдауға арналған гранты аясында жүзеге асты.

Сағадат Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы. Ол Еуропадағы ең беделді академиялық музыкалық байқаулардың бірінде Қазақстанның алғашқы әрі жалғыз өкілі ретінде өнер көрсетті.

Үш жылда бір рет өткізілетін Анри Марто атындағы байқау әлемдегі жетекші академиялық музыкалық жарыстарды біріктіретін World Federation of International Music Competitions құрамына кіреді. Бұл дода жас классикалық музыканттар үшін халықаралық деңгейдегі маңызды кәсіби алаңдардың бірі саналады.

Байқаудың ерекшелігі, қатысушылар жас санаттарына бөлінбейді. 25 жасқа дейінгі барлық музыкант бір деңгейде бақ сынайды. Небәрі 15 жастағы Сағадат әлемнің жетекші музыкалық мектептері мен консерваторияларының өкілдерімен қатар өнер көрсетті. Жоғары бәсекеге қарамастан, қазақстандық жас скрипкашы халықаралық іріктеуден сәтті өтіп, байқаудың алғашқы кезеңінде 9-нөмірмен сахнаға шықты.

Байқау бағдарламасына Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарт және Никколо Паганини секілді әлемдік классика өкілдерінің шығармалары енді. Мұндай күрделі репертуар орындаушыдан жоғары техникалық шеберлікпен қатар сахналық мәдениет пен кәсіби дайындықты талап етеді.

Халықаралық қазылар алқасын әйгілі дирижер Гилберт Варга басқарды. Қазылар құрамында Джульярд мектебі, Вена, Индиана, Цинциннати, Мюнхен және Саарбрюккен жоғары музыка оқу орындарының профессорлары мен белгілі скрипкашылары болды.

Сағадат Омарғазиннің орындаушылық шеберлігі халықаралық кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Байқау қорытындысы бойынша ол 1000 еуро көлеміндегі арнайы Haus Marteau шәкіртақысына ие болды. Бұл мүмкіндік оған 2028 жылға дейін Германияда өтетін шебердің дәрісіне қатысуға жол ашады.

Сонымен қатар, жас музыкантқа шетелдік үздік педагогтар тарапынан оқуын жалғастыру жөнінде ұсыныстар түсті. Әлемге танымал скрипкашы әрі педагог Илья Калер Сағадатты мектепті аяқтағаннан кейін Cleveland Institute of Music оқу орнында білімін жалғастыруға шақырды. Ал неміс педагогы Кэтрин тен Хаген Веймар қаласындағы Ференц Лист атындағы Жоғары музыка мектебі жанындағы Belvedere музыкалық гимназиясында оқуын жалғастыруды ұсынды.

Байқау аясында Сағадат қазіргі заманғы британдық композитор Ричард Блэкфордпен де танысты. Композитордың шығармасы байқаудың міндетті бағдарламасына енгізілген болатын.

Дарынды жастарды қолдау, мәдениетті дамыту және қазақстандық орындаушылардың халықаралық кәсіби деңгейде танылуына мүмкіндік жасау Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Сағадат Омарғазиннің жетістігі — қазақстандық жас музыканттардың әлемдік ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық кәсіби ортада жоғары бағаланатынын көрсететін жарқын мысал.
