Қазақстан дауысы Еуропаны тәнті етті: Нұрлыбек Әлихан айтулы байқаудың жеңімпазы атанды
Қазақстан мерейін халықаралық деңгейде асқақтатып жүрген Қорымыздың дарынды грант иегерлерімен таныстыруды жалғастырамыз. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің бірінші курс студенті Нұрлыбек Әлихан жуырда Румынияда өткен Джордже Григориу атындағы XXI Халықаралық эстрадалық музыка фестивалінің жеңімпазы атанды.

Айтулы өнер байқауы 2026 жылы 22-24 мамыр аралығында Брэила қаласында өтті. Фестиваль жыл сайын дарынды жас әншілерді, кәсіби музыканттарды және әлемдік эстрада мәдениетінің өкілдерін бір арнаға тоғыстырады. 20 жылдан астам уақыт бойы бұл фестиваль Румыния, Италия, Португалия, Армения, Болгария, Украина, Қазақстан және өзге де елдердің вокалистерін біріктіріп, жаңа таланттардың танылуына жол ашып келеді.

Джордже Григориу атындағы фестиваль Шығыс Еуропадағы ең әйгілі музыкалық байқаулардың бірі саналады. Ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы, халықаралық қазылар алқасы, жанды оркестрдің сүйемелдеуі және танымал еуропалық өнерпаздардың қатысуы фестивальдің мәртебесін арттыра түседі.

Нұрлыбек Әлихан байқауда жоғары вокалдық шеберлігін, артистік қабілетін және орындаушылық ерекшелігін көрсетіп, зор ықыласқа бөленді. Оның жеңісі жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақстандық мәдениет пен музыкалық білім беру саласының халықаралық деңгейдегі беделін айқындайтын маңызды оқиға.

Қордың сапар грантының қолдауы арқасында жас өнерпаздың халықаралық байқауға қатысты. Дарынды жастарға қолдау көрсету, олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау және әлемдік сахнаға жол ашу – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі.

Нұрлыбек Әлиханды жеңісімен шын жүректен құттықтап, оған шығармашылық табыс, шабыт және әлемнің ең мәртебелі сахналарын бағындыруына тілектеспіз!
Жүлдегеріміздің өнер көрсетуін төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар (уақыты: 1:11:20)