Оқудан зерттеуге дейін: Астанада Kazakhstan Sociology Lab мектебінің Graduation Conference конференциясы өтті
2 қазанда Астанада жас зерттеушілерге арналған Kazakhstan Sociology Lab мектебінің Graduation Conference қорытынды конференциясы өтті. Іс-шара барысында бағдарламаны аяқтап жатқан 24 қатысушы білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, қоғамдық және гендерлік қатынас, сондай-ақ басқа да салаларға қатысты зерттеулерін таныстырды.


Kazakhstan Sociology Lab – жас зерттеушілерге арналған білім беру жобасы. Мектеп 2023 жылдан бері студенттердің жан-жақты әрі заманауи зерттеуші ретінде қалыптасуына, деректермен жұмыс істеудің заманауи дағдысы мен әлеуметтік ғылымдардың қолданбалы әдістерін меңгеруіне қолдау көрсетіп келеді.


Мектеп классикалық әлеуметтану әдістерін заманауи есептеу тәсілдерімен ұштастырып, қатысушыларға академиялық және қолданбалы зерттеулер жүргізу дағдысын меңгеруге мүмкіндік береді.


Жоба жүзеге асырылғалы бері мектеп бағдарламасын шамамен 150 адам аяқтаған.


Қазір мектеп түлектері Қазақстанда және шетелде білімін жалғастырып жатыр. Олардың арасында Нидерландта PhD бағдарламасында, Франциядағы Бордо университетінің магистратурасында және АҚШ-тағы Boston University-де оқып жүргендер бар. Сондай-ақ KSL ұсынысымен мектептің төрт түлегі Назарбаев Университетінің магистратурасына түскен.


Kazakhstan Sociology Lab бағдарламасы төрт модульден тұрады.


Қатысушылар статистика, зерттеу дизайны және R бағдарламалау тілін меңгереді. Сонымен қатар білім беру және мәдениет әлеуметтануымен, қоғамдық денсаулық сақтау бағыттарымен танысады. Бұдан бөлек, NLP, CI және сауалнама зерттеулерін жобалау әдістерін үйренеді.


Бағдарламаның соңғы кезеңінде әр қатысушы зерттеуін жүргізеді. Ол үшін зерттеу сұрағын анықтап, гипотеза ұсынады, деректер жинап, талдайды. Соңында алынған нәтижелер негізінде қорытынды жасап, ұсынымдар әзірлейді. Осылайша, қатысушылар оқу барысында алған теориялық білімін нақты зерттеу жұмысында сынап көреді.
