Ағайынды Айтқалиевтар «Astana Eurasian Book Fair» X халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде туындысын таныстырды
Орал қаласындағы вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушылары Арлан мен Аслан Айтқалиевтер «Гарольд және Ларабелль. Кітаптар патшалығы» атты алғашқы шығармаларын X Халықаралық «Astana Eurasian Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесінде көпшілікке ұсынды.

Астана қаласындағы Президенттік орталықта өтіп жатқан бұл ауқымды мәдени іс-шараға жас авторлардың қатысуы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры тағайындаған грантты жеңіп алуының арқасында жүзеге асты.

Участие ребят в выставке стало возможным благодаря выигранному ими гранту на поездки для участия в мероприятиях в области культуры и искусства Фонда Нурсултана Назарбаева.

Аталған гранттық бағдарлама – дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды бастама. Ол жас қаламгерлердің халықаралық шығармашылық ортаға енуіне мүмкіндік беріп, мәдени байланыстың нығаюына ықпал етеді. 2008-2025 жылдар аралығында бұл бағдарлама аясында 138 грант бөлініп, 350 өтінім қаралған.

Көрмеге арнайы шақырылған жас авторлар туындыларында білім мен достықтың маңызын арқау еткендерін атап өтті. Алғашқы еңбектеріне олар тыңғылықты дайындалып, тартымды сюжет құрып, көркем безендіру мен иллюстрацияға ерекше көңіл бөлген.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітап 500 дана таралыммен басылып шықты. Сонымен қатар туынды Қазақстаннан бөлек Нидерланд, Өзбекстан және басқа да елдерде таныстырылған.

Оқырмандар кітаппен QR-код арқылы электронды форматта да таныса алады. Бұған қоса, аудионұсқа мен сурдоаударма ұсынылып, шығарма әртүрлі мүмкіндігі бар балалар үшін қолжетімді етілген.

«Astana Eurasian Book Fair» көрме-жәрмеңкесі Фолиант баспасы мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп, Еуропа мен Азия елдерінен келген баспалар, кітап сауда ұйымдары, ғылыми-білім беру мекемелері мен полиграфиялық компанияларды бір алаңда біріктірді.


Бұл халықаралық алаң мәдени-әдеби ынтымақтастықты дамытуға, кітап индустриясын ілгерілетуге және баспа саласындағы кәсіби байланысты кеңейтуге бағытталған.

