news-img

Талдықорған, Павлодар және Петропавл сынды Қазақстанның үш қаласында робототехникаға арналған «Ozyq Urpaq» жобасының төртінші оқу жылы ресми ашылды.

Жоба Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бас демеушілігімен және Robotek робототехника мектебінің операторлығымен бірігіп жүзеге асырылып жатыр.

Басты мақсат - мектеп оқушыларының инженерлік ойлау қабілетін дамыту, технология, бағдарламалау және инновация салаларына деген қызығушылығын арттыру. Сабақтар мемлекеттік мектептерде робототехника пәні арқылы жүргізіледі.

Жаңа оқу жылында бағдарлама 15 мектепте (әр қалада 5 мектептен) іске асырылмақ. Онда 9 бен 14 жас аралығындағы 750-ден астам бала білім алады. Сондай-ақ, 30-дан астам информатика пәні мұғалімдері Robotek мектебінің арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтеді. 

Мұғалімдерге әдістемелік және техникалық қолдау көрсетіледі. Оқу жылы бойы олар мектептерінде робототехника сабақтарын аптасына бір рет өткізіп отырады. Әрбір мектеп кемінде 50 оқушыны қамтуды жоспарлап отыр.

2026 жылы наурыз айында жобаға қатысушы мектептер арасында робототехникадан турнир ұйымдастырылады. Жеңімпаздар Астана қаласында жыл сайын өтетін халықаралық Robotek Grand Tournament чемпионатына жолдама алады.

Соңғы үш жыл ішінде жоба Қазақстанның 8 қаласын, 40 мектепті және 3000-нан астам оқушыны қамтыды. Осы уақыт ішінде «Ozyq Urpaq» аймақтардағы робототехниканы дамыту бағытындағы ең ауқымды бастамалардың бірі болды.

Бөлісу