news-img

Бүгін болашақ педиатр Диёрбек Ормановпен таныстырамыз. Ол Шымкенттің тумасы, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының үшінші курсында оқиды. Біздің стипендиат ғылыми әдебиеттерді оқығанды және спортпен айналысқанды ұнатады.

- Қазақстан жерінде өсетін өсімдіктердің дәрілік қасиеті туралы көптеген мақаланы оқыдым. Өзімнің және командамның нарықты зерттеуде алынған мәліметтер негізінде өсімдіктер мен фитопрепараттар туралы мақала жаздық. Сонымен қатар, спортпен шұғылданғанды ұнатамын, «Дені саудың – жаны сау» қағидатын ұстанамын. Спортпен шұғылдану хобби емес, ол өмір салтыма айналды. Бұған қоса, бос уақытымда шахмат ойнаймын, - дейді Диёрбек Орманов.

Ол «Самарқанд-2020» медициналық жоғары оқу орындары студенттері халықаралық олимпиадасының бірнеше дүркін жүлдегері. Сонымен қатар, былтыр сәуір айында «Natus Vincere» командасының құрамында С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өткен III халықаралық студенттік олимпиадада «Микробиология және вирусология» пәні бойынша III орын алды. Ал 2023 жылдың желтоқсан айында Диёрбек ОҚМА жыл сайын біздің Қорымызбен бірлесіп өткізетін жас ғалымдар мен студенттердің «Биология, медицина және фармацияны дамыту перспективалары» атты X халықаралық ғылыми конференциясында ғылыми мақаламен қатысты.

Стипендия туралы ол бірінші курста оқып жүргенде біліп, сол кезден бастап өзі айтқандай, жан-тәнімен беріліп оқыды. Өзін жеңімпаздар тізімінен көргесін Диёрбек қажырлы еңбек әрқашан жемісін беретінін және мақсатқа жету жолында тоқтамаудың маңызды екенін түсінді.

- Қор шәкіртақысы қосымша қаржы емес, оның терең мағынасы бар. Ең әуелі бұл күш-жігер салып, талпыныс пен төзімділікті ту етіп, жан-тәнімен берілген әрбір студент биік белесті бағындыратына және кез келген арман шындыққа айналуы мүмкін екенін дәлелдейді. Ал мен үшін бұл ғылыми істі жалғастыруға шабыт береді, - деді Диёрбек Орманов.

Түсініктеме қалдыру