news-img

1 сәуірден бастап «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының жетінші маусымы басталады. Байқау ұйымдастырушылары еліміздің дарынды балаларымен қуана қауышады.   

5 сәуір мен 15 мамыр аралығында қашықтан өтетін іріктеу кезеңі жаңа маусымды ашады. Бұған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 8-12 жас аралығындағы балалар шақырылады. Іріктеу кезеңіне қатысу үшін өтінімді  www.baladauysy.kz сайты арқылы беруге болады.

20 мамырда кәсіби қазылар алқасы әр өңірден финалға дайындықты бастайтын 17 өнерлі жасты анықтайды.  

1 маусым мен 1 қазан аралығында 17 финалист үшін вокал, хореография, актерлік шеберлік бойынша сабақтар, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің шеберлік сыныптары, фотосессиялар, телевизиялық роликтерде түсірілім ұйымдастырылады. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін балалар Көктөбе саябағында концерттік бағдарлама ұсынады.      

Әр финалистке жеке дизайн бойынша имидждік және сахналық костюмдер тігіліп, сыйға тартылады, бейне түсірілім жүргізіледі, ал отандық композиторлар жаңа әндер жазады. Байқау аясында жасалған барлық авторлық композициялар байқау сайтында  қолжетімді екенін атап өткен жөн.

Байқаудың ақтық кезеңі 8 қазанда Алматыдағы Республика сарайында өтеді. Балалар көрермендерге ұмытылмас шоу ұсынады, онда танымал қазақстандық хиттерді Илья Башкатовтың басқаруындағы музыкалық бэндтің сүйемелдеуімен жаңа өңдеудегі әндерді орындайды.   

«Бала дауысы» бас жүлдесінің иегеріне еліміздің ең беделді музыкалық оқу орындарының бірінде оқуға грант және ертегіге толы Лапландияға шақыру беріледі! Дипломанттар атаулы мүсіншелер мен 11 номинация бойынша бағалы сыйлықтарға ие болады әрі шығармашылық қолдау көрсетіледі.  

Айта кетейік, байқауға қатысу тегін.

Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырады.

Түсініктеме қалдыру