news-img

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Жұлдыз болғым келеді» II республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Байқау «El umiti» корпоративтік қорының қолдауымен өтті.

Биыл байқауға 800 бала қатысып, олардың 140-ы финалда өнер көрсетті.

Байқаудың авторы әрі жетекшісі Алексей Лодочниковтың өзі де кезінде Павлодар облысындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың шығармашылық қабілетін ашуға және үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік беретін жобаны қолға алған.

Былтыр байқау вокал бағыты бойынша өткізілсе, биыл хореография өнеріне арналды.

Жобаға қатысушылар саны да айтарлықтай артқан. 2025 жылы жобаға 170 бала қатысса, биыл олардың саны 800-ге жетті.

Республикалық іріктеу кезеңдері мамыр-маусым айларында еліміздің барлық өңірінде өтті. Іріктеу қорытындысы бойынша 140 жас өнерпазды біріктірген 20 би ұжымы финалға жолдама алды.

Қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагог-хореограф Әлила Әлишева, мәдениет саласының үздігі, хореограф Құралай Бейсембаева және хореограф, блогер Ердәулет Усабаевтан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалады.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 200 000 теңге. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Байқаудың бас жүлдесін Алматы облысы Қонаев қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы жеңіп алды. Орталыққа 2 млн теңге табысталды.

Бірінші орынды (1,5 млн теңге) Ақтөбе облысы білім басқармасының өмірінде қиындық болып жатқан балаларды қолдау жөніндегі «Аяла» орталығы иеленді.

Екінші орын (1 млн теңге) Павлодар облысы Кенжекөл ауылындағы балалар үйіне бұйырды.

Үшінші орынға (700 мың теңге) Қостанай облысы Рудный қаласындағы өмірінде қиындық болып жатқан балаларды қолдау орталығы лайық деп танылды.

«Жұлдыз болғым келеді» жобасы балаларға қабілетін ұштап, шығармашылық әлеуетін ашуға ғана емес, өзіне деген сенімін арттырып, жаңа тәжірибе жинауға да мүмкіндік берді.

Бөлісу