news-img

«Назарбаев орталығында» ерекше жылулық пен ертегіге толы атмосфера орнады. Мұнда «Дамыту орталығының» тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі күзгі бал ұйымдастырылды.

Мерекеде шығармашылық пен әуен үйлесіп, балалардың шат күлкісі айналаны қуанышқа бөледі. Кішкентай өнерпаздар қонақтарға арнап мазмұнды бағдарлама дайындады. Сахна төрінде күз мезгілі мен табиғат туралы қазақ және орыс тіліндегі көңілді әрі әсем әндер шырқалып, өлеңдер оқылды.

Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігі күзгі қолөнер бұйымдарының көрмесі мен байқауына арналды. Балалардың ата-аналары және педагогтерімен бірге жасаған әрбір туындысы қиял ұшқырлығымен, өзіндік ерекшелігімен және сан алуан бояуымен көпшілікті тәнті етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — балалардың шығармашылық әлеуетін ашу, қабілетін дамыту, өзіне деген сенімін арттыру және ұмытылмас әсер сыйлау. Жарқын бояуға толы күзгі бал бүлдіршіндер үшін жай ғана мереке емес, өнер көрсетуге, шығармашылық қабілетін шыңдауға және қиял әлеміне бойлауға мүмкіндік берген ерекше оқиға болды.

Бөлісу