Елордада Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті
ҚР ПІБ Президенттік орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған «Қазақстан Республикасының ядролық қаруға қарсы саясаты: тарих тағылымы, ұлттық доктрина және геосаяси шынайылық» атты дөңгелек үстел өтеді.

29 тамыз – Қазақстан Республикасы, халықаралық қоғамдастық және жаһандық антиядролық қозғалыс үшін тарихи дата. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен әлем бойынша қуаты жағынан Невада полигонынан кейін екінші орында тұрған Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 2019 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні республикалық мерекелік даталар тізбесіне енгізілді.

Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.

Іс-шараға 40 астам адам қатысты.

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың, даму институттарының және азаматтық қоғамның өкілдері, Қазақстанның жетекші сарапшылары мен Президенттік орталықтың қызметкерлері кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, Семей ядролық сынақ полигонының тарихи маңызы, жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықтың рөлі, сондай-ақ қазіргі заманғы ядролық дипломатияның қағидаттары мен тетіктері сөз болды.

Дөңгелек үстел аясында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболаттың, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикиннің, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, Қазақстанның атом саласының еңбек сіңірген қызметкері Сұлтан Картоевтың, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ииджима Ясумасаның, Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Жобалық кеңсесінің басшысы Ерлан Сатаевтың, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Астана қаласындағы бөлімшесінің директоры Майра Мұқышеваның баяндамалары тыңдалды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, ядролық сынақтардың зардаптары туралы тарихи жадты сақтаудың және Қазақстанның бейбітшілік жолындағы тәжірибесін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ сараптамалық және қоғамдық диалогты жалғастырудың, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақтың жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі хабардарлығын арттыруға бағытталған ағартушылық және ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асырудың қажеттігі атап өтілді.


