Бір жәдігердің тарихы: Абай бейнесі күмісте
10 тамызда Қазақстанда ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, заманауи қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – Абай күні атап өтіледі.
Музей қорында 1995 жылы шығарылған «Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы» мерейтойлық монеталардың сирек кездесетін сериясы сақтаулы. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы күміс мерейтойлық монеталар сериясы.
«Бір жәдігердің тарихы» айдарында Музей жәдігерлерімен таныстыруды жалғастырамыз.
Серияда «Медресе» және «Көш» атты екі монета ұсынылған. Олардың көркемдік тілі ықшам, терең мағыналарға толы.
«Медресе» монетасында жас Абай білім алған Семейдегі Ахмет Риза медресесінің қасбеті бейнеленген. Ал «Көш» монетасында халық даналығын, өмірлік тәжірибе мен рухани жадыны бойына жинақтаған ақсақалдың бейнесі ұсынылады.
Осылайша, екі монета өзіндік көркемдік диалог құрайды: «Медресе» – білім мен тұлғаның қалыптасуы туралы болса, «Көш» – халық даналығы мен дәстүр сабақтастығын баяндайды.
Монеталардың шығарылған жылының да өзіндік маңызы бар. 1995 жыл ЮНЕСКО шешімімен Абай жылы болып жарияланды. Ұлы ақынның 150 жылдығы Қазақстанда ғана емес, Париж, Анкара, Дели, Бейжің, Каир, Будапешт сынды әлемнің көптеген қалаларында кеңінен аталып өтілді.
Бүгінде бұл монеталар – естелік белгі ғана емес. Олар тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рухани мұрасына бет бұрып, Абай есімін әлемге қазақ халқының даналығы мен ашықтығының символы ретінде танытқанының айғағы.