news-img

Қазақстанның 10 өңірінде «Qolqanat» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Игі бастаманы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Madeni Qazyna Qory» қоғамдық қоры бірлесіп қолға алған.

Акция аясында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарындағы 1200 отбасыға бірінші кезекте қажетті азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардан тұратын жиынтықтар таратылады.

Көмек алушылар қатарында көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, зейнеткерлер және жалғыз тұратын қарт адамдар бар.

Әр жиынтыққа макарон өнімдері, ұн, қант, күріш, түрлі жармалар, өсімдік майы, бұқтырылған ет, шай, тәттілер, көкөністер, сондай-ақ жеке бас гигиенасына арналған құралдар мен тұрмыстық химия өнімдері енгізілген.

Өңір тұрғындары мұндай қолдау үшін алғыс айтып жатыр. «Бізге көңіл бөліп, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет! Мен мүмкіндігі шектеулі ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын. Бұл біз үшін үлкен көмек. Берілген азық-түлік пен тұрмыстық заттар бірнеше айға жетеді», – дейді Павлодар қаласының тұрғыны.

«Біз жәрдемақымен күн көреміз. Ата-анамыз да аздап көмектеседі. Сал ауруына шалдыққан ұлыма дәрі-дәрмек сатып алып, коммуналдық қызметтің ақысын төлеймін. Басқа қажеттіліктерге қаржы әрең жетеді. Сондықтан азық-түлік түріндегі мұндай қолдау біз үшін өте маңызды», - дейді тағы бір павлодарлық тұрғын.

Бөлісу