news-img

Ақтау қаласында аутизм және өзге де менталдық даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Қамқорлық» орталығы – Маңғыстау облысындағы аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға кешенді көмек көрсететін алғашқы мемлекеттік мекеме әрі Қазақстан бойынша ашылған оныншы орталық.

Орталықтың ашылуы мемлекет пен қоғамдық институттардың бірлескен еңбегінің нәтижесі болды. Маңғыстау облысының әкімдігі аумағы 2000 шаршы метр болатын ғимаратты бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етті. «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары орталықты заманауи жабдықтармен, жиһазбен және техникалық құралдармен қамтамасыз етуге қаржы бөлді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жобаның әдістемелік сүйемелдеуін ұйымдастырып, мамандарды даярлау жұмыстарына қолдау көрсетті.

Бүгінде Маңғыстау облысында аутизм спектрінің бұзылыстары бар 514 бала тіркелген. Жаңа орталық жыл сайын 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 125 балаға тегін мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Орталықтың басты мақсаты – балалар мен олардың отбасыларына ұзақ мерзімді әрі кешенді қолдауды бір жерде қолжетімді ету. Мұнда әр балаға жеке тәсіл қолданылып, оның күшті қырларын дамытуға, әлеуетін ашуға және жеке мүмкіндіктерін қолдауға ерекше мән беріледі.

Қызмет көрсету барысында ABA-терапия, сенсорлық интеграция, кинезиотерапия, бейімделген және емдік дене шынықтыру, эрготерапия, еңбек терапиясы, арт- және музыка терапиясы, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабақтары сияқты заманауи әдістер кеңінен пайдаланылады.

Орталық мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударылады. Оқу курстары мен тренингтер қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен өткізіледі. Кадрларды даярлау жұмыстары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асырылады.

Ақтаудағы «Қамқорлық» орталығы кәсіби көмекті бұрынғыдан да қолжетімді етіп, балалардың тұрғылықты жеріне жақын жерде жүйелі қолдау алуына мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қамқорлық» аутизм орталықтарының желісі еліміздің 10 өңірін қамтиды. Мұндай орталықтар Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан және Ақтау қалаларында табысты жұмыс істеп, Қазақстан бойынша балаларға кешенді көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруда.

Бөлісу