news-img

Алматы қаласының тумасы, кәсіби флейташы Ақбаян Байбосынова бүгінде сахна мен ұстаздықты қатар алып жүрген өнер иесі. Ол концерттерде жеке орындаушы ретінде де, оркестр құрамында да өнер көрсетеді. Сонымен бірге өз мамандығы бойынша дәріс беріп, жас музыканттардың қалыптасуына үлес қосып келеді.

 

Қазіргі уақытта Ақбаян Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы магистратурасында оқып жүр. Музыка саласында жүргеніне он алты жыл. Мамандық таңдауы бастапқыда анасының қалауымен байланысты болғанымен, уақыт өте келе ол бұл жолдың өз жанына жақын екенін сезінді. Бүгінде Ақбаян осы бағытты саналы түрде тағы да таңдар едім деп сеніммен айтады.

 

Шығарманың көркемдік болмысын ашу, оны өзіндік көзқараспен орындау, музыкалық талдау жасау сынды музыкамен жұмыс істеу барысы оған ерекше шабыт береді. Яғни, туындыны орындап қана қоймай, оның ішкі құрылымын, мазмұнын, айтар ойын терең ұғыну – Ақбаян үшін басты қағида. Тіпті, сыртқы баға немесе марапат болмаса да, ол сүйікті ісін тастамайды. 

 

Өз жетістіктері қатарында халықаралық байқаулардағы жүлделерді атап өткенмен, ол үшін ең үлкен табыс – мамандығына адал болып, өз орнын таба білу. Бұл табандылық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі.

 

Қор стипендиясы туралы ол консерватория қабырғасында жүргенде білген. Кеңес шешімімен үміткер ретінде ұсынылғаны жайлы жаңалық тосын болғанымен, зор қуаныш сыйлаған. Ақбаян шәкіртақыны еңбегінің еленуі әрі алға нық қадам басуға берілген сенім деп қабылдайды. 


 
Мотивация жайында сөз қозғағанда, Ақбаян өткен жолды бағалай отырып, болашақ мақсатты айқын ұстаудың маңызын айтады. Осы уақытқа дейінгі төгілген тер мен салынған күш-жігерді естен шығармау, сондай-ақ тоқтап қалудың салдарын түсіну – алға жетелейтін күш. Қатарластарына ісіне адал болып, шынайы шабыт сыйлайтын бағытты таңдауға кеңес береді. Себебі жүрек қалауымен атқарылған еңбек қана адамды шыңдап, шынайы ләззат сыйлайды.

Бөлісу