Жасөспірім болашағын қалай саналы түрде таңдай алады
«Jol.AI — Болашаққа ақылды жол» жобасы Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінің жеңімпазы атанып, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантын иеленді. Жоба білім беру саласындағы басты мәселелердің бірі – жасөспірімдердің мамандық таңдауына бағытталған.
Жобаны Caspian University командасы Алматы қаласы мен Жетісу облысында, соның ішінде кәсіби бағдар беру қызметтері шектеулі ауылдық және шалғай елді мекендерде жүзеге асырды. Нысаналы топ — алдағы білім және кәсіби бағытын айқындау кезеңінде тұрған 14-17 жастағы жасөспірімдер.

Jol.AI психометриялық диагностика, жасанды интеллект мүмкіндіктері және кәсіби кеңес беруді тоғыстырған кешенді тәсілге негізделген. Жасанды интеллектке негізделген талдау әр қатысушы үшін жеке кәсіби бейін құруға мүмкіндік береді, ал мамандардың қолдауы нәтижені терең түсінуге, алаңдаушылықты азайтуға және таңдауды кездейсоқ шешімнен саналы қадамға айналдыруға көмектеседі.
Пилоттық кезең қорытындылары жобаның практикалық тиімділігін көрсетті: 500-ден астам оқушы кешенді диагностикадан өтті, қатысушылардың барлығы жеке мансаптық ұсыным алды, 300-ден астам жасөспірім soft skills дағдысын дамыту тренингтеріне қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша қатысушылардың кемінде 80 пайызында кәсіби таңдауға деген саналы көзқарас артқаны тіркелді.

Жобаға мектеп психологтары, педагогтер, ата-аналар, студент-еріктілер және білім беру мен бизнес саласының сарапшылары жұмылдырылды. Бұл кәсіби бағдар жұмысының жүйелі, мазмұнды әрі ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталуы мүмкін екенін көрсетті.
Jol.AI ауқымдауға бейімделген модель ретінде әзірленді. Жобаны жүзеге асыру цифрлық платформа сыналды, әдістемелік база дайындалды және технологияны мамандарға тарату тетіктері жолға қойылды. Бұл тәжірибені өзге өңірлерде енгізуге және білім беру жүйесіне ықпалдастыруға жол ашады.

Jol.AI саналы кәсіби таңдау — жүйелі түрде дамытуға болатын дағды екенін дәлелдейді. Мұндай жобаларға салынған инвестиция салу – жасөспірімдердің болашағына ғана емес, елдің адами капиталының тұрақты дамуына қосылған үлес.