news-img

Қызылорда облысында балаларды оңалту қызметі бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті!

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Орталық жұмысы жаңа туған нәрестеден бастап үш жасқа дейінгі балаларға бағытталған. Мұнда неврологиялық және ортопедиялық ауруы бар, сондай-ақ шала туған балаларға көмек көрсетіледі.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, облыста 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 6 937 бала тіркелген. Жаңа орталықтың ашылуымен өңірде баланы үздіксіз қолдау жүйесі қалыптасады: туғаннан үш жасқа дейін ерте араласу орталығында, үш жастан 18 жасқа дейін 2022 жылдан бері Қызылордада жұмыс істеп келе жатқан «Қамқорлық» оңалту орталығында қызмет көрсетіледі.

 

4 желтоқсан күні көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында жаңа «Қамқорлық» ерте араласу орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі, бағдарлама, жобалар және донорлармен өзара іс-қимылды үйлестіру орталығының жетекшісі Шыңғыс Шарапиев және «Қамқорлық қоры» Корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

 

Жаңа орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен әлемге танымал компаниялар шығарған заманауи оңалту жабдықтарымен жарақталған. Мамандардың иелігінде вертикализаторлар, Rifton тренажёрлері мен модульдері, түзетуші құрылғылар, «Атлант» костюмдері, сенсорлық және шунгит бөлмелері, тұзды шахта, иммерсиялық ванна, сондай-ақ ЭЭГ және диагностикалық жүйелер бар. Мұндай материалдық база ерте оңалтудың сапалы бағдарламаларын жүзеге асыруға және мүгедектік қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Орталық жұмысы мультидисциплинарлық қағидаға негізделген. Балалар мен олардың отбасыларымен невролог, реабилитолог, неонатолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог бірлесіп жұмыс істейді. Барлық маман Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен арнайы дайындықтан өткен, сондықтан көрсетілетін көмектің сапасы жоғары деңгейде.

Қызмет алу үшін ата-аналар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадағы дәрігер-неврологқа жүгініп, орталыққа кеңеске жолдама алуы қажет.

«Ерте араласу орталықтарының желісін құру жұмысы 2020 жылы басталған болатын. Сол кезде елде бірде-бір осындай арнайы орталық жұмыс істемейтін. Басты мақсат — Қазақстанның әр аймағындағы балалардың ерте көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету болды. Бүгінде бұл міндет толық орындалды: еліміздің барлық облысында мемлекеттік ерте араласу орталығы ашылып, Қызылордадағы жиырмасыншы орталық осы ауқымды бес жылдық жұмыстың заңды жалғасы. Серіктестердің қолдауының арқасында бүгінде балалар уақытылы кәсіби көмек ала алады», — деді «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова.

2020-2025 жылдар аралығында 16 инклюзияны қолдау кабинеті, 27 оңалту орталығы, 19 ерте араласу орталығы және аутизмі бар балаларға арналған 7 «Қамқорлық» орталығы ашылды.

2025-2026 жылдары аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 6 орталық және 9 аудандық оңалту орталығы ашылады.

Бөлісу