news-img

Тұңғыш Президент музейі «Ulttyq Qazyna» мәдени-ағартушылық жобасын жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Жоба аясында Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хорының «Жанымды тербеткен әуен» атты бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.

Бағдарлама барысында халық әндерінің хорға арналған өңделген нұсқалары мен қазақ музыкасының алтын қорына енген отандық композиторлардың танымал туындылары орындалды.

Әсіресе, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінің қорларынан алынған 1970-80-жылдардағы сирек фоножазбалардың жөні бөлек. Бұл жазбалар бағдарламаға тарихи және мәдени тереңдік беріп, көрермендерге өз дәуірінің рухын сақтап қалған түпнұсқа үнтаспаларды тыңдау мүмкіндігін ұсынды.

Іс-шараның негізгі мақсаты — дәстүрлі қазақ әуендері мен заманауи хор өнерін ұштастыра отырып, ұлттық мәдени мұраны насихаттау және сақтау. Концерт халық әнінің өміршеңдігін, оның қазіргі өнерге дем беріп, шабыт көзі бола алатынын айқын көрсетті.

Қазақ әні — халықтың жүрек үні, оның сезімі мен философиясын, рухани әлемін бейнелейтін тірі шежіре. «Жанымды тербеткен әуен» бағдарламасы дәстүрлі саз бен заманауи авторлық туындыларды біріктіре отырып, өткен мен бүгінді жалғайтын музыкалық көпір іспетті.

Ал заманауи хор орындау ұлттық дәстүрдің сарқылмас шабыт көзі екенін дәлелдеп, талантты музыканттардың орындауында жаңа үн мен мәнге ие болды. Музыка осылайша қазақ мәдениетінің бірлік, сабақтастық және рухани қуаттың нышанына айналды.

Іс-шараның серіктестері — еліміздің ең ірі концерттік-ағартушылық орталығы әрі жетекші филармониялық ұйымдардың бірі саналатын Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония және ұлттық кино, фото, аудиовизуалды материалдардың басты сақтаушысы — Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві болды.

Бөлісу