news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қызметкерлерінің өңірлерге сапары бағдарламасында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталықтарының тыныс-тіршілігімен танысу әрдайым ерекше орында. Бұл жоба жүзеге асқалы бері мыңдаған бала ем алып, кәсіби мамандардың қолдауымен сауығып шықты.

Атырау облысындағы «Қамқорлық» орталықтары да игі істердің ұйытқысы болып отыр. Облыстық балалар ауруханасы жанындағы оңалту орталығына биыл 5 жыл толды. Жыл сайын бұл мекемеде тірек-қимыл аппараты бұзылған 600-ден 1000-ға дейін бала ем қабылдайды.

Ал ерте араласу орталығы – «Қамқорлық» 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі. Орталықтың жұмысы кезекпен қабылдау жүйесі бойынша ұйымдастырылған: бір курс 21 күнге созылады. Әр курста тірек-қимыл аппараты бұзылған 50 балаға дейін қабылданады. Ашылған сәттен бері шамамен 1000 балаға сапалы көмек көрсетілді.

 

Инклюзияны дамыту бағытында да оң істер бар. Атырау қаласындағы Б.Нысанбаев атындағы және З.Қабдолов атындағы №40 мектептерінде 2020 жылдан бері инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттер ерекше білім беру қажеттілігі бар 10-15 балаға арналған. Мұнда әр бала өз мүмкіндігін толық ашып, өзгелермен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасалған.

Жалпы, «Қамқорлық» жобасы аясында соңғы бес жылда еліміз бойынша 53 орталық ашылды: 27 – оңалту орталығы, 19 – ерте араласу орталығы, 7 – аутизмі бар балаларға арналған орталық. Бүгінге дейін 71 105 бала осы бастаманың игілігін көрді.

Аталған орталықтарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісін «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен «Қазақстан халқына» қоры жүзеге асырып келеді. Ал орталық мамандары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырылатын үш кезеңдік кәсіби оқудан өтеді. Сапар барысында әр орталыққа техника сатып алуға арналған сертификат табысталды.

Бөлісу