Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президент музейі делегациясы Джон Кеннеди Президенттік кітапханасы мен музейіне барды

АҚШ-қа ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президент музейінің делегациясы Джон Ф. Кеннеди Президенттік кітапханасы мен музейінде бірқатар маңызды кездесу өткізді. Бұл АҚШ-тың 35-ші Президентінің мұрасын білім, тарих және мәдениет арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен бірегей мәдени-ағартушылық орталық.
Делегацияны Джон Ф. Кеннеди Қорының атқарушы директоры Рэйчел Флор ханым және Президенттік кітапхана мен музей директоры Алан Прайс мырза құшақ жая қарсы алды. Тараптар тарихи мұраны сақтау саласында халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және озық тәжірибелерді енгізу мүмкіндігін талқылады.
Сапар барысында қонақтар мекеменің сәулеттік-кеңістіктік тұжырымдамасымен, негізгі экспозицияларымен және музей жұмысындағы заманауи интерактивті және цифрлық технологияны пайдалану тәжірибесімен танысты. Ұйымдастырушылық және басқарушылық тәжірибелерді зерттеуге, музей, архив және кітап қорларын қалыптастыруға, сондай-ақ, Джон Ф. Кеннедидің өмірі мен қызметіне қатысты материалдарды сақтау, цифрландыру және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жүйелеріне ерекше назар аударылды.
Бұл сапар музей және архив ісі саласында халықаралық әріптестікті нығайту мен озық тәжірибені меңгеруге жол ашты. Кездесулер мен экскурсиялар барысында алынған білім мен тәжірибе ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау тәсілдерін жетілдіруге, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы музей және кітапхана саласын дамыту ісінде маңызды қадам болмақ.