2025 жылғы әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының финалистері анықталды

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған «Қазіргі замандағы жастар мен жасөспірімдерді қолдау: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының екінші кезеңі аяқталды. Сарапшылардың бағалауынша үздік 50 жоба байқаудың финалына өтіп, қорытынды кезеңде таныстырылады.
Байқауға Қазақстанның 19 өңірінен 132 өтінім түсті. Жобалар үш номинация бойынша қабылданды:
• «Ертеңгі көшбасшы: жастар мен жасөспірімдердің кәсіби дамуы» – 58 өтінім;
• «Зорлық-зомбылықсыз болашақ: алдын алудың нақты қадамдары» – 48 өтінім;
• «Жастар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігі» – 26 өтінім.
Байқаудың ерекшелігі – оның кең географиялық қамтуы. Ірі қалалардың өкілдері ғана емес, сонымен қатар, ауылдық және шалғай елді мекендерден де қатысушылар жобасын ұсынды. Бұл елімізде жастарды қолдау, қауіпсіздік пен дамуына қатысты мәселелердің бүкіл аймақ үшін өзекті екенін көрсетеді. Азаматтық белсенділер, қай жерде тұрса да, идеясын ұсынып, қоршаған ортаны жақсартуға күш салуға дайын.
Финалистерді тәуелсіз сарапшылар әлеуметтік маңыздылығы, бірегейлігі, іске асырылу мүмкіндігі және жобаның болашағы сияқты критерийлер бойынша іріктеді.
Финалистер жобасын 28-29 мамырда онлайн форматта өтетін Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде таныстырады. Бұл идеясын кең аудиторияға ұсынуға, кәсіби пікір алуға, серіктестік орнатуға және бастамаларын жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік.
Финалистердің толық тізімін сілтемеге өтіп көре аласыз.
Бұл байқау қазақстандықтар арасында азаматтық белсенділікті, жобалық ойлауды және әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға ықпал етіп, маңызды бастамаларды анықтау мен қолдаудың маңызды алаңы болып қала береді.