Ақтөбе облысының Шалқар қаласында ерекше балаларға арналған заманауи оңалту орталығы ашылды

15 мамырда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында нейро-ортопедиялық ауытқуы бар балаларға арналған оңалту орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Бұл орталық «QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасы аясында республика бойынша ашылған бесінші нысан. Шалқар аудандық ауруханасы базасында орналасқан орталық жыл сайын Шалқар, Ырғыз және Байғанин аудандарынан 600-ге дейін баланы қабылдай алады.
Жоба Ақтөбе облысы әкімдігі, «Қазақстан халқына» қоры және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бірлескен қолдауымен жүзеге асырылды. Әкімдік орталыққа арналған ғимарат бөліп, жобаның бірыңғай дизайн тұжырымдамасына сай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал «Қазақстан халқына» қоры заманауи оңалту жабдықтарын қамтамасыз етті.
Орталықта Ottobock тік ұстау құрылғылары, Rifton жүйелері, велотренажерлер, Tyrostation жаттықтырғыштары, «Атлант» пневмокостюмдері және «Головастик» пен «Кузнечик» секілді жаңа үлгідегі жатқызу кешендері орнатылған. Сенсорлық және релаксациялық терапияны тиімді жүргізу үшін сенсорлық бөлме, тұз шахтасы және шунгит бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ, гидротерапияға арналған иммерсиялық ванна орнатылған.
Орталық мамандары – неврологтар, реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, ЕДШ нұсқаушылары, психологтар мен эрготерапевтер – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл мамандардың қызметі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл жоба қала мен ауыл арасындағы медициналық және әлеуметтік қызметке қол жеткізудегі теңсіздікті азайтуға бағытталған. Осындай орталықтардың шалғай аудандарда ашылуы – тұрғындардың алысқа бармай-ақ сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
«Біз ауылдық жерлерде заманауи оңалту жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Ақтөбе облысында бұл төртінші орталық. 2022 жылы Ақтөбе қаласында ерте араласу орталығы мен тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға арналған орталық ашылса, 2024 жылы аутизмі бар балаларға арналған орталық іске қосылды. Бұл өңірде инклюзивті ортаны дамытуға және мыңдаған отбасыға мүмкіндік беретін жүйелі жұмыс», - деді «Қамқорлық қоры» КҚ директоры Арайлым Еркінова.
Орталық «QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасының бір бөлігі ретінде іске қосылды. Бұл жоба ауылдық жерлерде оңалту қызметтерін қолжетімді етуге бағытталған. Жоспар бойынша елімізде тағы 14 осындай орталық ашу көзделіп отыр.