news-img

Халықаралық музей күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейі Қарағанды облысында бірқатар іс-шара ұйымдастырып отыр.

Бүгін Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында архив қызметкерлері мен кітапханашылардың қатысуымен кездесу өтті. Олар үшін «Тәуелсіз Қазақстанның тарихи мұрасын есте сақтау институттарының рөлі» атты кәсіби сессия өткізілді.

Жиын барысында қатысушылар Тәуелсіздік кезеңінің тарихи мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттаудың өзекті тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ, архивтің, кітапхана мен музейдің тарихи үдерісті зерделеуде, мәдени жадыны қалыптастыруда және ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызды рөлі сөз болды.

Сонымен қатар, Тұңғыш Президент музейі тарапынан облыстық кітапханаға 248 дана кітап сыйға тартылды. Оның ішінде салалық әдебиеттер, әлемдік классикалар мен тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси тарихына арналған еңбектер, соның ішінде Тұңғыш Президенттің де кітаптары бар. Бұл кітаптар кейінірек өңірдегі басқа кітапханаларға таратылады.

16 мамырда Тұңғыш Президент музейінің қызметкерлері Теміртаудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығында бірнеше іс-шара өткізді. Мұнда ұйымдар арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум – тәжірибе алмасуға, бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға дайындықты білдіреді.

Бағдарламаның маңызды тұсы — Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының қорына музейлік маңызы бар заттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі болды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптастары мен жерлестері іс-шараның құрметті қонақтары болды. Олар мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы туралы ой бөлісті.

Тұңғыш Президент музейінің қорынан жасақталған «Уақыт палитрасы» көрмесінің ашылуы да маңызды оқиғаның бірі. Экспозицияда белгілі қазақстандық суретшілердің туындылары арқылы бейнелеу өнерінің дамуы көрсетілген. Көрме Ә.Қастеев, А.Исмаилов, М.Кенбаев, Қ.Муллашев, Е.Төлепбай және т.б. белгілі суретшілердің шығармаларын қамтиды.

Көрмені теміртаулықтар мен қала қонақтары бір ай бойы тамашалай алады. Музей қызметкерлері үшін ерекше маңызға ие болған тағы бір іс-шара – «Тәуелсіз Қазақстанның тарихи мұрасын есте сақтау институттарының рөлі» атты сессия өтті. Сессия барысында музей өкілдері, ҚарМУ, Алматы облысындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы және т.б. өкілдері сөз сөйледі. 

Әріптестер арасында тәжірибе алмасу, материалдарды сақтау, қоғам үшін мазмұнды іс-шаралар өткізу, серіктестермен ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Бөлісу