news-img

Астанада «Robotek Grand Tournament» халықаралық чемпионаты өтіп жатыр, бұл отандық робототехникадағы басты іс-шараның бірі. «Robotek» робототехника мектебі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған чемпионат 2024 жылы 2-3 мамырда өтіп жатыр.

Чемпионатта Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген 300-ден астам оқушы, 114 команда бақ сынасады.

9 жастан 17 жасқа дейінгі бірнеше жас топ бойынша қатысушылар «Robotek», «Мерген», «Инверсиялық желі бойынша жарыс», «Ту жеткізу», «Робот – жеткізуші» және «Робот – сұрыптаушы» (әр санаттың регламенті – rgt.robotek.kz сайтында) сынды жеті түрлі санатта сайысады.

«Robotek Grand Tournament» алаңында «TurkTime» жаһандық бағдарламасы аясында түркітілдес елдердің робототехника мектептері арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады.

Әр санаттағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі, сондай-ақ арнайы номинациялар («Үздік инженерлік шешім», «Үздік ауыл командасы», «Үздік шетелдік команда») бойынша жүлде дайындалады.

Чемпионат жүлдегерлерінің бірі Қазақстан-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебінде оқуға грант алады.

Айта кетейік, «Robotek» елімізде және әлемде танымал, STEM-білім беру және робототехника саласындағы ең табысты қазақстандық компаниялардың бірі. 2023 жылы қарашада Панамадағы World Robot Olympiad-те бірден екі қазақстандық команда жеңіс тұғырына көтерілді. Жалпы медальдық есепте «Robotek» арқасында Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші рет екінші орынға ие болып, тек малайзиялық командаға есе жіберді.

Түсініктеме қалдыру