Алғашқы қадамнан бастап көмек: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталық ашылды

«Қамқорлық» жобасы ерекше қажеттілігі бар балаларды білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етуді кеңейтіп келеді.
Бүгін Алматыда салтанатты түрде ерте араласу орталығы ашылды. Орталық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында орналасқан.
Орталық үш жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар немесе ондай қауіп-қатерге бейім балаларға, сондай-ақ шала туған сәбилерге көмек көрсетеді. Бұл жерде жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы 600-ге жуық бала ем қабылдай алады.
Ауданы 426 шаршы метр болатын «Қамқорлық» ерте араласу орталығы заманауи оңалту жабдықтарымен жарақтанған. «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен мұнда АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанда жасалған жетекші өндірушілердің озық құрылғылары орнатылған.
Орталықтың ерекшелігі, баланың дамуына кешенді, жан-жақты көзқараспен қарауында. Мұнда балаларға медициналық көмек қана емес, әлеуметтік және педагогикалық қолдау да қатар көрсетіледі. Әр баланың жеке даму бағдарламасын әзірлеумен мультидисциплинарлық топ айналысады. Оның құрамында невролог, реабилитолог, неонатолог және өзге де мамандар бар. Барлығы арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткен, бұл жұмыстар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асқан.
– Ерте араласу – бұл өткізіп алуға болмайтын мүмкіндік. Баланың дамуындағы ең шешуші кезең – алғашқы үш жыл. Осы уақыт аралығында біз оның қозғалып, сөйлеп, ойлап, әлемді еш қорқынышсыз тануы үшін барымызды салуымыз қажет, – дейді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.
Оның айтуынша, алғашқы ерте араласу орталықтары ашылғалы бері 1 923 бала жүре бастап, 1 679 бала алғаш рет сөз сөйлеген. Жоспарланған 20 ерте араласу орталығының бүгінде 19-ы ашылды. Бүгінде бұл орталықтар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеп, 17 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіп үлгерді. Ал 2025 жылдың соңына дейін Қызылордада 20-шы орталық ашылмақ.
«Қамқорлық» орталығында көмек алу үшін ата-аналар тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, невролог маманнан кеңес алуы қажет.
2020 жылдан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» орталықтарын құру жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеп, бүгінде ерекше балаларды қолдауға бағытталған ұлттық жүйенің маңызды бөлігіне айналып отыр.